Арал теңізі алдағы 5-7 жылда тартылып қалуы мүмкін

Арал теңізі алдағы 5-7 жылда тартылып қалуы мүмкін. Сырдарияның төменгі сағасындағы егінжайдың болашағы да тіршілік нәріне тікелей қатысты екені түсінікті.

Түйіткілді мәселе туралы мамандар мен сарапшылар пікірі қандай?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Қазір Кіші Арал теңізінде 22 млрд текше метр су бар. Ол алдыңғы жылдарға қарағанда 5 млрд текше метрге азайған. Тек былтырғы жылдың ішінде су тапшылығынан Қамбаш көлі жағалаудан 250-300 метрге дейін қашықтап кетті. Бүгінде теңіз маңындағы көлдерді сақтап қалу мәселесі де өзекті күйде. Жергілікті атқарушы билік қолдан келер шаралардың тиімді тұстарын қарастырып жатыр. Тіпті Сырдария өзеніне тағы бір тоспа салынуы мүмкін.

Бақыт Жаханов, облыс әкімінің орынбасары:

- Оны жүзеге асырудың өзінде де 3-4 жыл уақыт кетеді. Оған дейін көл құрғап қалмайды ма деген сұрақ туындап жатыр. Сондықтан біз тағы да зерттеп жатырмыз. Мүмкін насос арқылы қойып, ең болмаса, көлдің өзін сақтап қалу мәселесін көтереміз. Қазір оған тиісті мамандар өз есептерін шығарып жатыр.

18 мың гектарды құрайтын көлді су сорғы құрылғыларымен суландыру мүмкін бе? Оның шығыны қанша? Бұл әлі басы ашық сұрақтар. Кіші Арал теңізімен қатар көлдер жүйесі мен егін алқаптарына нәр беретін Сырдарияның деңгейі трансшекаралық мәселелерге де тікелей байланысты. Осыған орай сенаторлар да «су дипломатиясын белсенді жүргізу, су тұтыну көлемін азайту және тиісті заңдарға өзгертулер енгізудің берері мол», дейді.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Осыдан 17 жыл бұрын қабылданған еліміздегі Су ресурстарын басқару заңы қазіргі талаптарға жауап бере алмайды. Сондықтан да суды пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, ол тек суға қажеттілікті реттеп қоймай, су нысандарымен байланысты табиғи экожүйелерді сақтап, суды үнемдеуге ынталандыру үшін тұтыну саласындағы тарифтерді қайта қарап, озық технологияларды енгізуге мұрындық болуы тиіс.

Сайлаубай Жұбатыров, эколог:

- Біздің ішкі заңымыз жұмыс істеуі үшін, ішкі мәселеміздің әрекеттерінде жақсы нәтиже болуы үшін, мемлекеттік деңгейде, көпшілік деңгейде халықаралық деңгейде осыны сыртқы мәселесімен шендестіріп, бекіту керек.

Кіші Аралдың осы деңгейін ұстап тұру үшін Сырдария өзені арқылы теңізге кемінде жылына 2 млрд текше метр су түсу керек, тек қана күріш және басқа да егістігіне 4,2 млрд текше метр су жұмсалады. «Осы ретте судың қадірі мен құнын айқындай түсетін кешенді шаралардың қабылданғаны маңызды», - дейді сарапшылар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхаммед Байділдаев