Таразда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы жаңа ғимаратқа көшті

Таразда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығы жаңа ғимаратқа орналасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылдар бойы жалдамалы кеңселерге көшуден шаршаған ұжым Наурыз мейрамы қарсаңында осындай қуанышқа бөленді. Ата-аналар да дән риза. Жаңа нысанда бітім-болмысы бөлек балалар үшін барлық жағдай жасалған.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығының бұған дейін жеке ғимараты болмаған еді. Кембағал кісілер 15 жылға жуық жалдамалы нысандарда жүрді. Руслан Төлегеновтің айтуынша, осы уақыт аралығында көрмеген қиындықтары жоқ. Енді міне, ол күндердің барлығы артта қалды.

Руслан Төлегенов, оңалту орталығының жетекшісі:

- Бізге бұл нысанды тұрғызуға жұрттың бәрі көмектесті. Қарапайым халық та келіп, қолдарынан келген жәрдемді аяған жоқ. Бір әжей бізге 12 сыпырғы алып келіпті. Қатты риза болдық. Қазір қайырымды адамдар көбейіп келеді.

Жалпы орталық екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі, 10 жасқа дейінгі балаларға инклюзивті білім беру болса, екіншісі, кәмелетке толғандарды оңалтудан өткізу. Нысанда сондай-ақ физиотерапия мен массаж кабинеттері, логопед пен психолог секілді мамандар жұмыс істейді.

Жансая Әжікова, әлеуметтік педагог:

- Жалпы балалар бұл жерде екі ауысыммен келеді. Азанғы уақытта 10 баланы қабылдаймыз. Түстен кейін 10 баланы қабылдаймыз. Жалпы балаларымыз өте алғыр, білімді. Бір айтқанды ұғып алатын өте тамаша балалар.

Миновар Ысқақова, қала тұрғыны:

- Мен – мүмкіндігі шектеулі баланың анасымын. Біздің бұл орталықпен байланыс орнатқанымызға бірнеше жыл болды. Мұндағы қызметкерлерге алғысым зор. Балаларымыз қоршаған ортаға тез бейімделіп келеді. Олар біз бере алмаған тәрбие мен білімді беріп жатыр десем артық айтқандық емес.

Ал, орталықтың ашылу салтанатынан соң келушілер иппотерапияға арналған жабық нысанның іргетасын қалады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев