Шымкентте алғашқы отбасылық кітапхана ашылды

Басты ерекшелігі, тұрғындар бұл жерге тек кітап оқу үшін емес, шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, әңгіме құра алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқу залдарын аралап шыққан қала басшысы Мұрат Әйтенов шаһарда кітапханаларды дамыту тұжырымдамасы мақұлданғанын мәлімдеді. Жаңа форматтағы кітапханалар қандай болады?

Кітапханаға қалай барсам болады деп сұрай қалсаңыз, Забадам шағын ауданының әрбір тұрғыны ойланбастан жөн сілтейді. Өйткені кітапхана ғимараты алыстан көз тартады. Отбасылық орында жайланып отырып, кітап оқуға бар жағдай жасалған. Жұмсақ жиһаз, жанға жайлы әуен, айнала толы кітап...

Кристина Бекмурзаева, жоба авторы:

- Жеке тұрғын үй секторында да осындай қызықты әрі креативті орындар жасауға болады. Бұл жергілікті тұрғындарды әр нәрсеге тың көзқараспен қарауға үйретеді деп ойлаймын.

Нина Петровнаның оқырманына кітап туралы бағдар беріп келе жатқанына 42 жылдай уақыт өтіпті. Кітаптарды көздің қарашығындай сақтап жүрген маман білім бұлағы жаңартылады деп күтпепті. Ол тар әрі ескі оқу залдарының заманауи демалыс орнына айналғанына қуанышты.

Нина Сечина, кітапхана меңгерушісі:

- Мұнда ата-аналар балаларымен бірге келсе екен дейміз. Өйткені кітапхана балаларды білімге баулитын үлкен тәрбие мектебі.

Шымкентте кітапханаларды дамытудың жаңа тұжырымдамасы мақұлданған. Оған сәйкес дәстүрлі кітапхана ұғымының аясы кеңейе түсті. Мұнда далада әңгімеселесіп, ойнауға арналған орын жабдықталған. Жұмыс уақыты да көпшілікке қолайлы болмақ.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Қазір орталықтағы Абай кітапханасының наурыз айынан бастап 23:00-ге дейін уақытын созғанбыз. Егер де ол қызығушылық тауып жатса, қалған кітапханалардың бәрін осы бағытқа ұзартамыз. Енді қазіргі жастар, өздеріңіз білесіздер, көп жерде, далада жиналып отырады. Неге осы кітапханада жиналып, әңгімелесіп, ой алмасып, пікір жасамасқа?

Алғаш рет Шымкентте ашылған жаңа форматтағы мұндай кітапхана жастардың танымын кеңейтіп, қажетті ақпарат алатын орынға айналмақ. Отбасына арнап берілетін абонемент ата-ана мен баланы жақындастырып, уақыттарын тиімді өткізуге септігін тигізері анық.

Авторлары: Гүлдария Шамұратова, Катерина Попкова

Сондай-ақ...