Павлодарлықтар мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз тұратын қарттарды азық-түлікпен қамтуда

Павлодар облысында наурыз айы қайырымды істермен басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Май ауданында бір топ азаматтар мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз тұратын қарттарды азық-түлікпен қамтып, ағаш-отынын жеткізсе, жастар жағы аулалардағы қарды күреп, ағаш жарып жатыр. Қайырымды істер марафоны түрлі іс-шараларды қамтыған.  

Бұл шаңырақта ерекше бала тұрады. Үй иелері уақыттарының басым бөлігін сол баланың күтіміне жұмсайды. Кей кезде қордаланып қалған қарды күреп, жалғызаяқ жолды ашуға мүмкіндіктері болмай қалады. Сондықтан волонтерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Бұл жолы аудан жастары ағаш жарып, ауланы тазартса, кәсіпкерлер мерекелік дастарханға азық-түлік әкеп берді. 

Райхан Майқыбаева – ерекше бала бағып отырған жан. Осы уақытқа дейін алақан жайып ешкімнен көмек сұрап көрмеген. Жеке кәсіпкер қол ұшын беруге өзі ниет білдіріпті. Түсірілген көмір күн жылынғанша жететін болды.

Райхан Майқыбаева, Кеңтүбек ауылының тұрғыны:

– Қазір көмір бағасы қымат. Бізге көмек берді. Алғыс айтамын.

Бұл күндері аудан бойынша әлеуметтік аз қамтылған барлық азаматқа қамқорлық көрсетіледі. Көктөбе ауылында көмекке мұқтаж 30 отбасы бар. Жалғыз тұратын қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен еңбек ардагерлері басты назарда.

Абай Кәрімов, Көктүбек ауылдық округінің әкімі:

– Біз сенбі, жексенбі демейміз, осы кісілердің жағдайларын қарап, жолдарын ашып, қарларын күреп, ағашын бұтап, көмірін әкеліп, үйлерін әктеп, пештерін күлдеп, қысқа кәдімгідей өз үйімізді дайындағандай дайындаймыз.

Ауданда күнделікті халық тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыруға басымдық беріліп отыр. Жуырда әлеуметтік  дүкен ашылды.

Нұрлыбек Байғалиев, кәсіпкер:

– Ауыл қаладан кем болмасын деген мақсатпен міне, ғимарат салып жатырмыз. Халық бізді қолдап, сауда жасаса, бізге кіріс кіреді. Біз халыққа жақсылық жасауға тырысамыз.

Ең бастысы бұл дүкенде жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері сатылады. Қаламен салыстырғанд азық-түлік бағасында айтарлықтай айырмашылық жоқ.

Медет Бақауов, Май ауданы кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Әлеуметтік дүкен облыстың тұрақтандыру қорымен тікелей жұмыс істейді. Ол жақтан арзан бағамен қант, күнбағыс майы, ұн, жұмыртқа жеткізіледі.

Ауданда бастау алған «Қамкорлық» акциясы бір айға жалғасады.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат