Түркістан қаласын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінуде

Бұл жолы облыстық жеке сот орындаушылар палатасының ұйымдастыруымен шаһардағы дендросаябаққа 150 түп қылқан жапырақты ағаш көшеті отырғызылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Игі іс-шараға палата басшысынан бастап, аудандық бөлімшелердің де қызметкерлері жұмылдырылды. «Наурызда көзі ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, ал егілген талдың саясы мен жемісі мол болады» деген қағиданы берік ұстанған сот орындаушылар алдағы уақытта да ағаш отырғызуды жалғастыратындықтарын жеткізді. Негізгі мақсатымыз – облыс орталығын жасыл-желекке айналдыру. Сол арқылы қаланың экологиялық ахуалын жақсарту дейді палата өкілдері. Сондықтан олар тал егіп қана қоймай, отырғызылған көшеттерін көздің қарашығындай сақтап, баптап-күтуді де өз мойындарына алып отыр.

Мақсат Сауран, облыстық жеке сот орындауышлар өңірлік палатасының басшысы:

– Наурыз мерекесінің қарсаңында қазақстандықтарды, оның ішінде осы Түркістан облысының тұрғындарын осындай игі іс-шараға атсалысуға шақырамын. Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар осындай шараларды атқарып, «жұмыла көтерген жүк жеңіл болады» дегендей, әрбіріміз үлес қоссақ, біздің қаламыз көркейе беретініне сенімдімін.