Қызылордалықтар Наурыз мерекесін экологиялық акциямен бастады

Қыс ызғарының беті қайтып, жер тоңы жібіген шақта Сыр өңірінде «Таза аула – таза табиғат» атты экологиялық акция бастау алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сырбойылықтар «Мекенім – жасыл орманым» деп ұрандатып, жалпыұлттық ағаш егу шарасына да қатысып жатыр. Әсіресе Арал теңізін жағалай қоныстанған жұрт белсенді. «Су – өмір нәрі» екенін білетін аралдықтар арық-арналарды тазартып, өзен-көл жағасындағы қоқыстарды жинауға жаппай кірісті.

Қамбар Бекенов, тілші:

– Бүгін «Таза табиғат» ұлттық жобасы аясында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 180 мың түп сексеуіл көшетін отырғызу басталды. 2021-2025 жылдарға арналған 5 жылдық кешенді жоба шеңберінде 213 мың гектар аумаққа ағаш егіледі деп жоспарланып отыр. Біз қазір аудандық аурухана маңында тұрмыз. Аралдықтар жергілікті тұқымбақтан 2 мыңдай көшет әкеліп, 600-дейін аудан орталығына, қалғанын ауылдарға егіп жатыр.   

Мереке қарсаңында Арал қаласының аумағы қоқыстан тазарып қалды. Мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен ерікті жастар тобы көше, гүлзар және шет аймақтардағы қалдық үйінділерін арнайы техника көмегімен сыртқа шығарды. Бүгін сондай-ақ «Парктер шеруі» акциясы бастау алды. Шараның ұйымдастырушысы – Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы. Еуразиядағы қоңыржай белдеудің нағыз шөлдаласы экожүйесін қорғайтын әлемдегі жалғыз биосфералық резерваттың биоалуан түрлілігі үнемі бақылауда.

Бүгін сондай-ақ өңірде «Наурыз шапағаты», «Шаңырақтағы салт-дәстүр» «Наурыз көже неге дәмді?» деген атаулармен мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Бірақ танымдық-тәрбиелік сағаттардың барлығы онлайн форматта өтіп жатыр.