433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда балалар үйінің тәрбиеленушісі қатерлі індетке шалдыққан бүлдіршінге қомақты қаржы аударды

  • 117
  • UPD: 15:57, 21.03.2021

Қарапайым студент Серік Мұқашев қатерлі індетке шалдыққан бүлдіршіннің еміне бір миллион теңге аударды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол бұл қаражатты пәтер сатып алуға жинаған екен. Алайда қымбат дәріге зәру болған жерлесінің жағдайын естігенде жомарт жан науқас сәбиге көмек қолын созуды ұйғарыпты.

Балалар үйінде тәрбиеленген Серік мейірімділігімен әрі еңбекқорлығымен айналасына сыйлы. Қазір ол кәсіби оқу мен жұмысты қатар алып жүр. Жазда елде коронавирус қаупі күшейгенде кейіпкеріміз ерікті түрде инфекциялық ауруханаға уақытша санитар болып орналасқан. Сол уақытта тапқан қомақты жалақысын ешқайда жоймай, пәтер сатып алуға жинап қойыпты. Алайда туа сала ауыр дертке тап болған Эмир есімді сәбидің жағдайын естігенде, ол бейжай қалмады.

Отбасы ұғымының қадірін жете сезінгендіктен бе, әйтеуір, жәудіркөз өзгелердің жыламауын тілеп, тапқан-таянғанын түгел науқас бүлдіршіннің еміне аударып жіберді.

Серік Мұқашев, студент:

– Біреулер айтады: «сен дұрыс істемедің, сен әлі өзіңді көтерген жоқсың, мұндай ақша беру үшін сен кәсіпкер болу керексің деп. Мен әлі жаспын. Мен өзімнің қойған мақсатыма жетемін. Пәтер аламын десем, мен аламын. Жұмыс жасаймын, құдайға шүкір. Бәрі әлі алда.

Жақсылыққа жаны құмар жігіт мұқтаж адамдарға материалдық көмек берумен қатар қоғамдық мәселелердің шешілуіне жол ашып беріп жүр. Әсіресе, балалар үйінен шыққан жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жиі бастамалар көтереді. Ол дәл осы мақсатта «Жайық аманаты» қоғамдық бірлестігін де құрды.

Әлия Салиев, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Балалар үйінен шыққан балалардың мәселесін Серік Мұқашев қолынан келгенше шешіп отыр. Тіпті баланы пәтерге кезекке қойғанда бізге көмегін тигізіп жүр.

Айта кетейік, Эмир есімді бүлдіршінге тоқталсақ, оған жұлын бұлшықетінің атрофиясы деген диагноз қойылған.

Отандық медицина мұндай ауруды емдеуге қауқарсыз. Ал шетелден шипа іздеуге кемінде 1 млрд теңге керек. Дегенмен қазақстандықтар балақайдың еміне қаржы жолдап жатыр. Әрбір адамның қолдауы қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, отбасыға демеу беріп, үміт отын үрлей түседі.

Қолынан келген көмегін аямаған Серік те өзгелерді қайырымдылық жасауға үндеді.

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы