433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда екі тонна наурыз көже халыққа таратылды

  • 243
  • UPD: 20:24, 21.03.2021

Ұлыстың ұлы күні түркістандықтар Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Жергілікті жұрт алып Тайқазанда 2 тонна наурыз көже әзірлеп, халыққа таратты. Мамандар бұрын-соңды мұндай көлемдегі наурыз көже дайындалмағанын айтады. Ұлық мерекеде Түркістанға Отырардан шыққан көш-керуен де келді.

Биыл түркістандықтар шектеу шараларына байланысты Наурыз мерекесін қала шетіндегі этноауылда атап өтті. Мұнда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтары Ұлыстың ұлы күнін ерекше ықыласпен қарсы алды. Мереке Отырар-Түркістан «Наурыз» керуенін күтіп алудан басталды.

Сәбит Әбдіхалық, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры:

- Керуенде қолөнер шеберлері, өнерпаздар, оның ішінде домбыра жасайтын, ер-тоқым жасайтын, құрақ көрпе тігетін, неше түрлі қолөнер шеберлері өздерінің сый-сияпатын Түркістанға алып келе жатыр. Бүкіл карантин талаптарын сақтай отырып, 70-ке жуық қонақтарымыз бар керуенде. Өнерпаздарымызбен қосқанда 100-ге жуық адамдармен жасап жатырмыз.

Биыл мерейтойы атап өтіліп жатқан ғұлама ғалым Әл-Фараби, күш атасы Қажымұқан, ән патшасы Шәмші Қалдыаяқов, белгілі этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков сынды біртуар азаматтардың бейнесі сахналық қойылымдар арқылы жұртшылық назарына ұсынылды.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Сән-салтанаты жарасқан көш-керуен мерекелік көңіл күйді одан сайын көтерді. Ұлттық киімдегі өнерпаз қыз-жігіттер наурыздың ажарын аша түсті. Ал қазақша күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру, асық ату сынды ұлттық ойындар мереке салтанатына сән бере түсті.

Бүгінгі наурыздың ең басты жаңалығы – түркістандықтардың Қазақстанның рекордтар кітабына енуі болды. Аспаздар алып Тайқазанға 2 тонна наурыз көже пісіріп, елді таңқалдырды.

Бақытжан Тастөлепов, Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі:

- Бүгін Түркістан өңірінде Қазақстанда бірініші рет 2 тонна наурыз көже пісіріп, елге таратып жатыр. Бұл Қазақстанда бұрын болмаған рекорд болып есептеледі. Қазақстанның рекордтар кітіабына тіркеледі. 3 жыл бұрын Алматыда рекорд болған, ресми түрде шақырып тіркеткен. 350 килограмм наурыз көже таратқан болатын. 

Сонымен қатар бүгінгі мерекеден халықтың Наурызды сағынып қалғанын көрдік. Қыстан қысылып шыққан ауыл жұрты Ұлыстың ұлы күні бір-бірімен қауышып, мәре-сәре болуда. 

Ләззат Аманова, қала тұрғыны:

- Керемет Наурыз өтіп жатыр бізде. Балам алып келдім көруге. Жүрекжарды қуаныштардың барлығы болып жатыр. Өте көңілді болып қайтып бара жатырмыз. Барша қазақстандықтарды бүгінгі Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасында жақсылық болсын. Наурыздан наурызға аман-есен жете берейік.

Айта кетейік, Түркістан қаласында биылғы наурыз мерекесіне орай 70-ке жуық түрлі іс-шара жоспарланған болатын. Алайда карантиндік шектеулерге байланысты барлығы өтпей қалды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы