432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда мерекеге орай киіз үй тігу кезінде карантин талаптары сақталды

  • 180
  • UPD: 21:58, 21.03.2021

Ұлыстың ұлы күнін тараздықтар киіз үйде ұлттық тағам толы дастарқан басында қарсы алды. Карантин талаптары бойынша үйлер бір жерге топтаспай, қаланың әр бұрышында тігілді. «Көне Тараз» тарихи-этно-мәдени кешені аумағында биыл 3 киіз үй бой көтерді. Таңсәріден қазақтың ән-күйі шырқалып, қала тұрғындары наурыз көжеден дәм татты.

Бұрын «Көне Тараз» тарихи-этно-мәдени кешенінде ақшаңқан боз үйлер сап түзейтін. Биыл киіз үйлер қалашығын орнатуға пандемия кедергі болды. Десек те, бүгін үш шаңырақта мол дастарқан жайылып, мерекеге жиылған көрермен қазақтың салт-дәстүрлерін тамашалады.

Киіз үйлер іргесінде жергілікті қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдар көрмесі өтті. Мұнда ұлттық киім-кешектен бастап тұрмысқа қажетті барлық зат қойылған. Мәдени шараны ұйымдастырушылар жылдағы дәстүрінен жаңылмай халыққа бауырсақ пен наурыз көжені тегін таратты.

Талғат Ахатұлы, өңірлік ардагерлер кеңесінің мүшесі:

- Әз Наурыз жылына бір рет келетін біздің үлкен мерекеміз. Себебі Әз Наурыз дегеніміз ел үшін, халық үшін жақсылық әкелетін мереке. Бүкіл халықты біріктіретін, ынтымағын жарастыратын. Сондықтан бүгін міне «Қазақ елі» монументінің қасында «біз біргеміз», «біз алдамыз», «біз дамыған мемлекеттер қатарына енеміз» деп күллі қазақ халқын біріктіріп отырған осы достық мейрамы. 

Ибрагим Зуфаров, Түрік этно-мәдени орталығының төрағасы:

- Көктемнің бірінші күні, жылдың басы саналады. Осы мерекемен Жамбыл облысының тұрғындарын бүкіл түркі халықтары атынан құттықтаймын. Мұндай күндердің көбіне жеткізсін. Барлық халқымызды осындай шат күндерге жеткізуін Алладан тілеймін.

Ұлыстың ұлы күні қала аумағында орналасқан 14 нысанда бас-аяғы 17 киіз үй тігілді. Түрлі этно-мәдени орталықтар өкілдері әзірлеген концерттік бағдарламалар мереке көрігін қыздыра түсуде. 

Парида Мамедова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:

- Түрлі ұлт өкілдері бір-бірінің қолынан ұстап, біз тұрған үйді айналып жүріп өтті. Өз кезегінде бұл көріністі «Достық керуені» деп атауға да болады. Мерекелік шараны тамашалаған халыққа жеті түрлі тағамнан жасалған «Наурыз көжемізді» ұсынып жатырмыз.

Қала саябақтарының бірінде көпшілік ұлттық ойындарға да қатысып, бағын сынап көрді. «Қазақша күрес», «Асық ату», «Қошқар көтеру» сайысында жеңімпаз атанған азаматтарға сый-құрмет көрсетілді.

Талғат Исламұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы