Мереке қарсаңында Арал қаласының аумағы қоқыстан тазарып қалды

Қыс ызғарының беті қайтып, жер тоңы жібіген шақта Сыр өңірінде «Таза аула – таза табиғат» атты экологиялық акция басталды. Сырбойылықтар «Мекенім – жасыл орманым» деп ұрандатып жалпыұлттық ағаш егу шарасына да қатысты. Әсіресе Арал теңізін жағалай қоныстанған жұрт белсенді. «Су – өмір нәрі» екенін жақсы білетін аралдықтар арық-арналарды тазартып, өзен-көл жағасындағы қоқыстарды жинауға жаппай кірісті. 

Мереке қарсаңында Арал қаласының аумағы қоқыстан тазарып қалды. Мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен ерікті жастар тобы көше, гүлзар және шет аймақтардағы қалдық үйінділерін арнайы техника көмегімен сыртқа шығарды. Сонымен қатар аралдықтар жергілікті тұқымбақтан 2 мыңдай көшет әкеліп, 600-дейін аудан орталығына, қалғанын ауылдарға егіп жатыр.

Бүгін сондай-ақ Аралда «Парктер шеруі» акциясы бастау алды. Шараның ұйымдастырушысы 160 мың гектар аумаққа жайылған Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы. Еуразиядағы қоңыржай белдеудің нағыз шөлдаласы экожүйесін қорғайтын әлемдегі жалғыз биосфералық резерваттың биоалуан түрлілігі үнемі мамандар бақылауында.

Гауһарбек Сатекеев, «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» РМК директорының орынбасары:

- Қорықта 28 түрлі сүтқоректі, 298 өсімдік түрі жоғары санаттағы, тұяқты жануарлардан негізінен қарақұйрық, дүниежүзілік қызыл кітапқа енген түркімен құланы, ақбөкендер бар. Теңіздің табанында табиғи түрде шөптесін, сексеуіл, жыңғыл, түзгін сияқты ағаш-бұта тектес өсімдіктер кең көлемде жылдан жылға ұлғайып келе жатыр.   

Қамбар Бекенов, тілші:

- Өңірде сонымен қатар «Наурыз шапағаты», «Шаңырақтағы салт-дәстүр» «Наурыз көже неге дәмді?» деген атаулармен мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Бірақ танымдық-тәрбиелік сағаттардың барлығы онлайн форматта өтті. Ал ертең қызылордалықтар «Жырла жырау, алғыс жырын Наурыздың» атты Сыр сүлейлерінің концертін тамашалай алады.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Сондай-ақ...