Шымкенттің бірнеше шағын ауданында жарық сөніп қалды

Шымкенттің №110/10 «Самал» қосалқы станциясында электрқондырғылар және кабельдердің қысқа тұйықталуы салдарынан қаланың бірнеше мөлтек ауданында жарық өшіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кабельдердің қысқа тұйықталуы таңғы сағат 09:02-де контейнер типті нысанның ішінде болған. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 27 жеке құрамы 5 техникамен жұмылдырылған.

Оқиға салдарынан қаланың «Нұртас», «Нұрсәт», «Шымсити», «Ньюсити ӘІО», «Солтүстік-Батыс», «Самал-3», «Асар» шағын аудандары, Көкжайлау ТК, Төлеметов көшесіндегі көп қабатты үйлері жарықсыз қалды.

Авариялық-қалпына келтіру жұмыстары шұғыл ұйымдастырылып, «Нұртас», «Шымсити», «Нұрсат», Әкімшілік іскерлік орталығы, «Солтүстік-батыс, Ақжайық шағын аудандарына электр қуаты өзге қосалқы станциядан қайта берілді. Электр қуаты қазіргі таңда Самал-3, Асар шағын аудандарында және Төлеметов көшесіндегі көп қабатты үйлерде жоқ. Абоненттерге электр қуатын қосу жұмыстары шұғыл жүргізіліп жатыр. Жарықтың берілуіне тікелей жауапты Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы, «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС және «Қуат жылу орталығы-3» МКК басшылығы әр екі сағат сайын ақпарат беріп отырады» делінген хабарламада. Сала мамандары аталған шағын аудандарда жарық беру кезең-кезеңімен жүргізіліп, екі күн ішінде жарықпен толық қамтамасыз етіледі деп отыр. Ал жарық беру станциясында болған апатты жағдайды қалпына келтіру үшін шамамен 20 күн уақыт кетеді. Электр қуатын іске қосу жұмыстарына осы кезде 45 адам жұмылдырылған.