Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері Наурыз мерекесін қалай тойлайды?

Алматы облысының Панфилов ауданы бірнеше ұлт пен ұлысқа мекен болған қасиетті өлке.

Жазиралы Жаркент жерінде тұрып жатқан ұлт өкілдері Ұлыстың ұлы күнін қазақ халқы сияқты өзіндік салт-дәстүрлеріне сай атап өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соған сәйкес дастарханға қойылатын ас мәзірі де әртүрлі. Жыл бастауы саналатын мерекеде дайындалатын тағамдар мен оның мән-мағынасы жайлы арна тілшісі тарқатады.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Наурыз көже – қазақ халқының қасиетті асы. Жеті түрлі дәм қосылатын тағамды өскелең ұрпақ пісіре білуі керек. Дәстүр сабақтастығын сақтаған Аманхан апа тілеу көже дайындауды немересі Іңкәрға үйретіп жатыр.

Аманхан Байбураева, Панфилов ауданының тұрғыны:

- Көжені ішер алдында тоқшылық болсын, молшылық болсын, уайым қайғысыз болайық деп тілеу тілеп, әрқайсымыз жеке-жеке құйып беріп, көбірек ішеміз. Қызым көрдің ба осылай дайындалады.

Мерекелік астан бөлек бұл күні сүрленген ет асылып, әсіп, өрме төс сынды әртүрлі тағамдар дайындалады. Құрт, май, ірімшік, тары, талқан ұлттық сусындар да дастарханға қойылады. Жеті баланы дүниеге әкеліп, жеті ұлттың өкілін бауырына басқан Қойбағаровтар отбасы ұлық мейрамды жыл сайын атап өтеді. Өсіп өнген әулетте әуелетіп ән шырқалып, бата беріледі. 

Панфилов ауданында тұратын 130 мыңнан аса халықтың 30%-і ұйғыр ұлтының өкілі. Олар наурызды «Көктем келді» әнімен қарсы алады. Би билеу де мерекенің ажырамас бөлігіне айналған.

Ұйғыр халқы да мерекеде жеті түрлі тағам қосып «Омаш көже» пісіреді. Наурыз көжеден дайындалу тәсілі мен көк шөптің көбірек болуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар жаңа шыққан бедеден арнайы ас әзірлейді.

Махинур Садыққызы, Панфилов ауданының тұрғыны:

- Бір жыл болды қыстан аман шықтық қой, көгіміз шықты деп көктен тамақ дайындаймыз.Оның аты көкше шөре. Ендігі жылымыз аман болсын, көк шыққанда молшылық болсын деп тамақты дайындаймыз.

Дүнген диаспорасы да көктем мерекесін өзіндік ерекшелігімен атап өтеді. Егіншілікті кәсіп еткен олар әртүрлі дақылдарды қосып тамақ бірнеше түрін жасайды. Арнайы салат әзірлейді.

Аня Даузова, Панфилов ауданының тұрғыны:

- Гүлді салат гүл сияқты болып шығады. Тоғыз түрлі тағаммен жасалатын салат. Бұл гүлді салат. Нағыз наурыз мейрамында жасалатын салат. Бүкіл ел бірге болсын дейміз. Мына салат лазцы деп аталады. Мына көктемде күш-қуат беріледі. Одан кейін бір жағынан дәмді болады, бір жағынан ашты болады.

Наурызды тойлайтын ұлт пен ұлыстың тағамдары әртүрлі болғанымен, берекелі дастархан басында айтатын тілегі бір. Ол – ел амандығы жұрт тыныштығы.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов