Ыстамбұл – Түркістан бағытындағы әуе рейсі аптасына үш рет қатынайтын болады

Бұдан былай түркиялық туристер Түркістанға тікелей ұшақпен бара алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ыстамбұл – Түркістан – Ыстамбұл бағытындағы әуе рейсі аптасына 3 рет қатынайтын болады. Алдағы уақытта ұшақ сапарларын 7-ге дейін көбейту жоспарланған.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Киелі Түркістаннан ұшқан А-320 әуе рейсі Ыстамбұлға белгіленген уақытта келіп жетті. Мегаполиске алғаш ұшып келген бортта 176 жолаушы болды. Оларды әуежайда еліміздің Ыстамбұлдағы Бас консулдығы мен отандастарымыз шаһар символы Қызғалдақпен қарсы алды. Халықаралық хабта домбыраның үні күмбірледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып отырған сапар дүйім түркі жұрты үшін Әз-Наурызға тарту болды. Мұқым түркі халқы бұл күнді көптен күткен еді.

Әлім Байел, ҚР Ыстамбұлдағы бас консулы:

- Бүгін біз үшін ерекше күн. Ұлыстың ұлы күні Наурызда түркі әлемінің рухани астанасы Түркістаннан түркі дүниесінің ең алып шаһары алғашқы тікелей рейс ұшып жетті. Сол алғашқы жолаушыларды күтіп алып, шығарып салып жатырмыз. Бұл жаңа бағыт елдеріміз арасындағы байланыстарының нығаюына одан ары серпін береді деп сенеміз.

Дәл осы күні Ыстамбұлдан Түркістанға алғашқы әуе рейсі орындалды. Бірінші сапар қаладағы жаңа әуежайдан басталды. Келесі рейстер Ыстамбұлдағы Сабиха Гөкчен әуе айлағынан жүзеге асады.

Түбі бір түркі халқы бұл күнді асыға күткені рас. Анадолы жұрты үшін Түркістанның да, Қожа Ахмет Яссауидің да орны бөлек. Олар үшін Яссыға бару көп жылдар арман болған.

Семих Өзполат, жолаушы:

- Мұғладан қасиетті мекенге шықтым. Яссы біздің киелі жеріміз. Яссауидің хикметтерімен өстік. Бара салып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етіп, шаһарды аралаймын. Бұл атажұртқа жасайтын соңғы сапарым болмайды. Тікелей рейс бар. Енді жиі-жиі сапарлаймын.

Ыстамбұл мен Түркістан түркі әлемі үшін қасиетті әрі маңызды орталық екені сөзсіз. Сондықтан тікелей ұшақ сапарының басталуы туризм әлеуетін арттырып, халықтардың жақындасуына одан әрі серпін бермек.

Авторы: Меруерт Қанағат

Сондай-ақ...