Түркістанда «Таза табиғат» акциясы басталды

«Таза табиғат» экологиялық жобасы Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласынан бастау алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және облыстық әкімдіктердің бірлескен шарасында бірнеше аймақта ағаш отырғызу, айналаны қоқыстан тазарту, су көздерін ашу акциялары өтті. Жалпыұлттық жоба Түркістан қаласында бастау алып, Қазақстанның өзге де өңірлерінде жалғасты.

«Таза табиғат» акциясын бастау үшін Түркістанға арнайы келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге қала іргесіндегі Жасыл белдеуге көп жылдық ағаш көшеттерін отырғызды. Әкімдіктің министрлік бірлесе қабылдаған кешенді жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін өңірде жалпы аумағы 110 мың гектарға 170 мың түп көшет егу жоспарланған. Ал жасыл белдеу аумағын келер жылға дейін тағы 3000 гектарға кеңейтіп, толық аяқтау көзделуде. Ал орман тұқымбақтарын дамыту үшін онда әр жылы 35-40 млн әртүрлі ағаш көшеттері егілмек. Шара барысында Түркістан халықаралық медиафорумына жиналған түркітілдес елдер БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы Ботаникалық баққа да ағаш отырғызылды.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

- Осы климатқа келетін ең шұрайлы, ең әдемі талдарды әкеліп егіп жатырмыз. Бұл талдар жыл бойы әртүрлі кезеңде гүлдеп тұратын болады. Ясауи кесенесінің маңындағы 7 гектар жерге бау жасауды ұйғардық біз.

Республикалық акция аясында Маңғыстау облысында да 2500 түп көшет отырғызылды. Оның ішінде Ақтау қаласында 400-ге жуық қылқан жапырақты көшет егілді. Бұл жұмыстарға мемлекеттік орган қызметкерлері, табиғат жанашырлары, ерікті жастар және қала тұрғындарынан 5 мыңға жуық адам қатысты.

Есенқос Әділбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл ағаштарды одан әрі күтіп-баптау қала әкімдігіне жүктеледі. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табады. Алдағы екі айда ағаш егу мен қатар санитарлық тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Қазірі кіші қойма маңы, 30-шы шағын ауданының айналасында тазарту жұмыстары басталып кетті.

«Таза табиғат» ұлттық жобасы Жамбыл облысында да жалғасын тапты. Акция аясында Төле би көшесіндегі индустриялды аймақта 140 мың көшет отырғызылды. Мұндай шаралар Тараз қаласының Барысхан, Шөлдала, Тайвань шағын аудандарында да ұйымдастырылды. «Таза табиғат» жобасы шеңберінде жоғарыда аталған барлық өңірде қоқыстан тазарту мақсатындағы «Бірге – Таза Қазақстан» жобасы жалғасын тапты. Жалпы жоба аясында еліміз бойынша орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу жоспарлануда.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы