Наурызды дұрыс тойлап жүрміз бе?

Наурыз мейрамының мазмұнын қалай байытамыз?

Бұрын ата-балаларымыз тойлаған Наурыз бен бүгінгі мерекенің мағынасы алшақтап кеткендей. Осы олқылықтың орнын қалай толтырамыз? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурызды тойлаудың тұжырымдамасы әзірленгені белгілі. Амал мейрамынан бастап 10 күн бойы тойлау ұсынылды. Әр күннің өз мән-мағынасы бар.

Наурызды қалалықтардан гөрі ауыл халқы ерекше тойлайды. Бар сән-салтанатымен, салт-дәстүрді сақтап, ырым-тыйымдарды орындап, ата-бабадан жалғасқан ғұрыппен атап өтеді.

«Ұлытау» ұлттық қорық музейінің директоры Бақтияр Қожахметов осылай дейді. Сөзінің дәлелі де бар. Мысалы, Ұлытау ауданындағы Терісаққан ауылында жыл сайын наурыз-фестиваль өтеді. Қар кетіп, жер қарайып, көк шыққанда ауылдықтар тойлауды бастайды.

Бақтияр Қожахметов, «Ұлытау» ұлттық қорық музейінің директоры:

- Қар жатыр. Жылда 20-21 наурызда боран да болады. Сол себепті біздің аталарымыз, қазіргі үлкен кісілердің айтуы бойынша Амал-Наурыз дегенді тойламаған екен біздің жақта. Арқа, Ұлытау өңірінде ең бірінші мереке бұл 1-2 мамырда болатын мереке. Оны Бие байлау дейді. Немесе алғашқы қымыз мерекесі. Қазақ жылқышыларының көктемгі мерекесінің бірі.

Ел тәуелсіздігін алған жылдары наурыз мейрамы қазіргідей тойланған жоқ. Өтпелі кезеңнің қиындығы көп болды. Халықтың тұрмысы да мәз емес еді. Ел енді ғана мерекенің мән-мағынасын түсіне бастаған кез болатын. Мейрамның тарихын үлкендер жағы түгендегенімен, жастар жағы біле бермеді. Наурыз көже, киіз үй мен сахналық қойылым болса, мейрам – осы деген ұғым қалыптасты. Арада жылдар өткенде Наурыз мейрамы бұқаралық сипат ала бастады. Дегенмен, мәдениет саласының мамандары мейрамның мән-мғынасын әлі де аша түсу керек деген ойда.

Абдулхамит Райымбергенов, мәдениет саласының үздігі:

-  Әрбір мереке өз ауылынан, өз ауладан басталуы керек. Өйткені бізде мереке болса қалай? Алаңға жинап алады. Оны қоршап қояды, ішіне керек, жақын адамдарды шақырады. Біздің Президентіміздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген жаңа тұжырымдама. Ішінде біраз жақсы нәрселер бар екен. Бірақ осының ішіндегі көп нәрсе ертең ұран ретінде қалмаса деп ойламын.

Өнер иесінің айтуынша, мерекенің маңызын алдымен баланың санасына сіңдіру керек. Балабақша мен мектептерде мәні зор шаралар ұйымдастыру маңызды. Әлемді жайлаған індеттің салдарынан былтырдан бері Наурыз онлайн тойлана бастады. Театр, филармония мен өзге де өнер ұжымдары бұқаралық шара өткізе алмайды.

Еренбақ Тойкенов, «Астана Опера» театрының режиссері:

- Өкінішке орай, соңғы екі жылда ондай мүмкіндік жоқ. Былтырдан бастап пандемияға байланысты біз даладағы көрсетілімдерді көрсете алмаймыз. Биыл «Қыз Жібек» операсын көрермендердің шектеуімен көрсетеміз. Толыққанды келіп, көрермен көре алмайды.

Мейрамның тарихына үңілсек, 1988 жылы наурыз қазақ даласында қайта жаңғырыпты. Ал, 1991 жылы 22 наурыз мемлекеттік мейрам болып жарияланды. 

Авторы: Асхат Қарағойшиев

Сондай-ақ...