Ұлыстың ұлы күнін Сыр өңіріндегі өзге ұлт өкілдері қалай ұлықтайды?

Тағдырдың жазуымен Сыр өңірін паналап қалаған 30-дан астам ұлт пен ұлыс бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркі әлеміне ортақ Наурыз мерекесін қазақ елімен бірге олар да асыға күтетіні белгілі. Салт-дәстүрі, наным-сенімі, аспаздық өнері де ұқсас келеді. Ұлыстың ұлы күнін Сыр өңіріндегі өзге ұлт өкілдері қалай ұлықтайды?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Қазақтың қамзолын киіп, бар дәмдісін қонағына ұсынып, бәйек болып жүрген шешен ұлтының өкілі – Лайла Пашаева. Тағдырлы жылдары кең құшақ өлкеде тамыр жайып қалған олар қазақтың салтына сіңісіп, құндылығына құрметпен қарайды. Жеті түрлі дәмін қосып, мерекелік дастарханының басты асына балаған Наурыз көжесін жыл бойы тоқ жүрейік деген ниетпен ұсынуының да мән-маңызы бар.

Лайла Пашаева, қала тұрғыны:

- 7 саны қазақ халқы үшін киелі сан. Сондықтан бұл тағам дәруменге өте бай. Әсіресе, мынадай пандемия кезеңінде ағзаны нығайтуға, күш-қуат береді дей аламыз. Бізді қазір бөліп-жару мүмкін емес. Өйткені тарихымыз бір, Отанымыз бір, тіпті жанымыз қазақ болып кетті ғой.

Бірлігі мен берекесі жарасқан елде әрбір ұлттың салт-дәстүрін дамытуға да жағдай жасалған. Ағыл-тегіл дастарханға шешен ұлтының бас тағамы да тарту етілді. Жижиг галныштың дайындалу әдісі қазақтың ұлттық асына өте ұқсас.

Раиса Элзурхаева, қала тұрғыны:

- Бұл тағам асылған еттен жасалады. Қамыр илеп, ет піскен сорпаға қолдан кеспе саламыз. Ары қарай сарымсақты майдалап турап, ортаға қояды. Тамақты сарымсақпен жейді.

Әдет-ғұрып, салт-дәстүр – ұлттың айнасы. Өзге ұлт өкілдерінің Ұлыстың ұлы күнімен бірге қазақтың ұлттық құндылықтарын ұлықтай білгені – туған жерге, елге деген құрметі болса керек. 

Бауыржан Мастеков, «Қоғамдық келісім» кмм директоры:

- Сыр өңірінде дүниеге келген әртүрлі этнос өкілдері бүгінде бейбітшілік пен татулықта күн кешуде. Бір өлкенің суын ішіп, ауасын жұтып отырған соң мәдениет пен өнерді де ортақ тұстары көп. Наурыз мерекесінде этнос өкілдерінің қатысуымен Наурыз дастарханы, ұлттық спорт түрлерінен жарыс, этнос келіндері арасында қазақы салт-дәстүрді насихаттау мақсатындағы байқаулар және өзге де ерекше шаралар өткізіледі.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Пандемия басталғалы Наурыз мерекесін кең көміле тойлау мүмкін болмай қалғаны рас. «Дегенмен, сахналық кейіптен, отбасылық, бұқаралық сипатқа айнала бастағанын көруге болады», - дейді руханият жанашырлары. Ал көп ұлтты мекенде ұлық мерекені бір үйдің баласындай тойлау – расында, ынтымақты елдің ырысы таситынын тағы бір еске салғандай.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов