Талдықорғандық аспаз қазақтың ұлттық тағамдарының оннан астам түрін әзірлеп жүр

Наурыз тұжырымдамасы бойынша 21 наурыз – ұлттық тағамдар күні.

Қазақтың қарын бүрме, өрметөс, үлпершек, қарын көмбе сияқты тағамдарын қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа насихаттап жүрген аспаздар Талдықорған өңірінде де аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі – Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылының келіні Ғалия Аульбекова. Ол бүгінде қазақтың дәстүрлі ұлттық тағамдарының оннан астам түрін әзірлеп жүр. Наурыз мейрамы қарсаңында құда-құдағи, жекжат-жұрағаттарымен бірге біздің арнамыздың Жетісу өңіріндегі түсіру тобын да арнайы қонаққа шақырып, шеберлік сағатын ұйымдастырды.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Қазақтың дәстүрлі асын жер жәннаты Жетісуда осылай жіліктеп тартады. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, әрине, етпен бірге жеті немесе тоғыз түрлі дәмнен жасалған наурыз көже дастарханның сәнін келтіреді. Қыстан қалған сүр еттен әзірленген бұл ұлттық тағам түрлерінің дәмі тіл үйіреді.

Ғалия Аульбекова, аспаз:

- Ал көжеміз дайын болып қалды, бісміллә. Ақ мол болсын, ұлыс оң болсын, дастарханымыз кең, мол болсын. Шаңырағымыз биік боп, пәле-жәленің бәрі ескі жылмен кетсін. Жаңа жылымыз жарылқасын!

Дәстүр бойынша дастарханға алдымен үлкен ас келіп, ақсақалдардан ақ бата сұралады.

Орынбек Сағымбаев, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Жыл сайын осылай Наурыз мейрамдарында құда-құдағиды, жақын ақсақалдардың бәрін шақырып, осындай наурыз көже береміз. Бұл қуаныш, жаңа жыл.

Қазақтың дәстүрлі ұлттық тағамдарының оннан астам түрін даярлап жүрген Ғалия аспаз бүгін бізге өрметөстің қалай әзірленетінін де көрсетіп берді.

Ғалия Аульбекова, аспаз:

- Ол үшін біздің жаңа сойылған қойдың төсінің мына сұрпы етін сылып алып, міне, дайын тұр, тұз, қара бұрыш, сарымсақ салып, былай орап, көрдіңіз бе, осылай дайындап қоямыз. Одан мына ішекті өріп, осылай дайындаймыз. Мұндай өрмені мен өзімнің анамнан үйрендім. Бірақ әжемнен де көргем өріп жатқанын. Қазір енді қызым да біледі, немерем де өру біледі. Бір-бірімізге үйретіп жатырмыз.

Ащы ішектен өрілген бұл тағам негізінен күйеу балаға тартылады. Аспаздың айтуынша, өрметөстен бөлек, үлпершек, қарын бүрме, қарын көмбе сияқты ұлттық тағамдарымызға деген сұраныс та жылдан жылға артып келеді. «Қай заманда болсын, қазақ дәстүрінде дастарқан ең басты орын алды. Дастарқанның арқасында аналарымыз бала тәрбиелеген. Наурыз тұжырымдамасы жасалып, оның аясында ұлттық тағамдарымыздың осылайша ұлықталып жатқанына біз өте қуаныштымыз», - дейді аспаз.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев