«Көрпе Fest»: Ертіс өңірінің қыз-келіншектері ұлттық стильдегі өнімдерді тігуді үйренді

Ертіс өңірінің қыз-келіншектері «Көрпе Fest» атты республикалық этнофестиваль шеңберінде ұлттық стильдегі өнімдерді тігуді үйренді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасаудың заманауи технологияларын онлайн режимде меңгерді. Осылайша, үй шаруасындағы әйелдер жеке істерін дөңгелетуге мүмкіндік алды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Баян Жұмағұлова тігіншілікпен бұрын-соңды айналысып көрмеген. Онлайн фестивальге қатысып, бұл істі де оңай меңгеріп алды. Енді ұлттық бұйымдарды тігіп, саудасын қыздырмақ.

Баян Жұмағұлова, этнофестиваль қатысушысы:

- Мынау шынтақ жастық. Кәрі адамдар демалатын, мысалы, жатып, жастық жұмсақ болған. Мынау дәу, шынтақ жастық, ыңғайлы. Мынау шай көрпе. Көп нәрсе үйрендім, көп нәрсеге таңқалдым. Өйткені бұрын тікпейтінмін. Бұрын осымен айналыспайтынмын. Бұл менің бірінші жұмыстарым.

Онлайн фестиваль барысында 300-ден астам әйел қолданбалы өнердің негіздерін білді. Ал үздік жұмыстар сауда көрмесіне қойылды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- «Көрпе Fest» этнофестиваліне Ертіс өңірінің 40-тан астам қыз-келіншегі қатысты. Олар үш айдың ішінде құрақ-көрпе тігудің қыр-сырын меңгерді. Мәселен, бұл коллекциялар екі апталық тынымсыз жұмыстың жемісі.

Жоба қатысушыларының басым бөлігі үй шаруасындағы әйелдер. Тігіншілік бойынша тегін курстар онлайн форматта өткеніне қарамастан, қыз-келіншектер көз тартар осындай құрақ көрпелерді тікті. Бір көрпенің бағасы 20 мың теңгеден басталады.

Қызылгүл Құсайын, этнофестиваль қатысушысы:

- Қазағымыздың ұлттық өнері мәңгі өлмесе екен деп тілеймін. Кейінгі ұрпақтарымызға жалғаса берсе деп тілеймін. Бала күнімнен тігемін осындай. Киім тігемін, осындай көрпе. Барлығын, қолымнан келгенін тіге беремін.

Онлайн шеберлік сабақтары тегін ұйымдастырылды. Уәсилә Нұрмұхамбет теміржол саласында еңбек етеді. Қолы босай қалса, бос уақытын сүйікті ісіне арнайды. Құрақ көрпелерін қазақтың көне оюларымен безендірген. Шебер оюдың бір түріне патент те алған.

Уәсилә Нұрмұхамбет, этнофестиваль қатысушысы:

- Қазақша айтқанда, қос тамырлы мүйіз. Былай қарасаңыз қошқар мүйіз, былай қарасаңыз. Бұл негізі біздің ғасырға дейінгі мыңжылдықтағы оюлар. Бірақ  бүгінгі заманға сай өзім кішкене бір өзгерістерді келтірдім. Бұл тамыр деген, білесіздер, ой, тамыр мәңгілік деген сөз. Бұл дүние патенттелген.

«Көрпе Fest» фестивалі ұлттық өнерді дамыту мақсатын көздеді. Оған отандық этнодизайнер Ырза Тұрсынзада мұрындық болды.

Ырза Тұрсынзада, этнодизайнер:

- Өте жоғары баға беремін. Үлкен алғысымды айтамын. Жалпы Павлодар облысының қыз-келіншектері бұл өнерді бұдан да жоғары деңгейге шығаратын толық мүмкіншілігі бар. Бірінші, бұл енді онлайн сабақ қой. Онлайн сабақты ңөзінде осындай жетістікке жеткен әлі талай асуларды алады.

Шеберлік сабақтары аясында тігілген өнімдер 10 күн бойы сатылады. Жиналған қаражат қайырымдылық істерге бағытталады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат