431,11 519.25 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы Абай ауданында «Құнанбай қажы» мешіті ашылды

  • 136
  • UPD: 21:41, 22.03.2021

Шығыс Қазақстан облысында да Ұлыстың ұлы күні игі істерге толы болды.

Абай ауданында 300 орындық «Құнанбай қажы» мешіті есігін айқара ашса, Құндызды ауылында халықтың күшімен ғибадат үйі ел игілігіне берілді. Ал кәсіпкерлер мен шаруашылық жетекшілері мұқтаждарға көмектесіп, Наурыз мерекесінің мәнін одан әрі арттыра түсті.

Абай ауданының орталығындағы мешіт көптен бері тозыңқырап тұрған еді. Жаңа ғимарат болса деген жамағат тілегі былтыр қабыл болып, бұл игі істі қолға алуға бел буған. Бас-аяғы бір жылдың ішінде еңселі ғибадат үйі бой көтеріп, халық қуанышында шек жоқ. Мешіттің жалпы аумағы – 400 шаршы метр, мұнараларының биіктігі 14 метр. Жамағат үшін қолайлы жағдай жасалып, ауласы түгел абаттандырылған. «Туған жер» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан бұл жобаға кәсіпкерлер 130 миллион теңгелерін жұмсапты. Ал бұрынғы мешіт ғимараты 100 адамға арналған қатымханаға айналды.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

– Қазіргі таңда тәуелсіздіктегі әкелер балаларын Абай сияқты неге тәрбиелемеске? Әрине қазақтан әлі талай Абайлар шығады, ол үшін бізге Құнанбай сияқты әкелер қажет болып тұр. Құнанбай қажы атамыздың атын берудегі мақсатымыз – бабамыздың атын шығарайық, оны елге кеңінен насихаттайық және де бабаға құрмет тұтып, бабамыздың жолын біздің жастарымызға насихаттайық деген мақсат. Қазақта керемет сөз бар, «Азанды ел азбайды» дейді. Алла қаласа, енді бұл мешітте 5 мезгіл азан айтылып тұрады, сол азан дауысымен осы елге құт құйылсын дегім келеді.

Құндызды ауылында да 140 орындық ғибадат үйі ел игілігіне пайдалануға берілді. Самарқанның көк тасын еріткен Ұлыс күні ізгі амалдар мен қайырымдылық шаралары да көбейе түсті. Жанашыр азаматтардың бірі аз қамтылған отбасына көмір түсірсе, келесісі ерекше күтімдегі жанға мерекелік сый-сияпат жасады. Жалғыз тұратын еңбек ардагері де жерлестерінің мырзалығына ризалығын білдірді.

Жаңыл Елемесова, Құндызды ауылының тұрғыны:

– Нағыз малдың қиналатын кезі. Махмут бауырым шөп түсіріп беріп жатыр. Малмен ғана отырмыз, басқа ештеңе өндіріп отырған жоқпыз, осыған қарап отырмыз. Сол бір жағыма шығып жүрген азаматтарға мың да бір алғыс! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын дейміз! Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Назым Тайтөлеуова, Қарауыл ауылының тұрғыны:

– Жақсылық жасап жатқан үлкен ер азаматтарға алғысымды білдіремін. Барша халықты көктем мерекесімен, Наурыз мерекесімен, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын.

Махмут Мағауин жетекшілік ететін шаруа қожалығы мал өсіріп, 20 адамды еңбекпен қамтып отыр. Қыстаманы ойдағыдай өткізген іскер азамат қашанда ауылдастарына көмек қолын созудан жалыққан емес. Қайыр қылып, бірімізге біріміз қарайласу қанымызға біткен қасиет деп санайды ол.

Махмут Мағауин, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Атадан келе жатқан салт қой, қайырымдылық жасаймыз. Наурыз мейрамы құтты болсын, ақ мол болсын!

Биыл Абай ауданында жүзеге асатын әлеуметтік жобалар аз емес. Қарауыл ауылында су құбырын тарту жұмыстары аяқталып, халық сапалы ауызсумен қамтылуы тиіс. Сол сияқты көпбалалы отбасыларға баспаналар салу да жалғасады.

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы