433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбелік дәрігерлердің жергілікті волонтерлерге алғысы шексіз

  • 106
  • UPD: 22:09, 22.03.2021

Тура бір жыл бұрын Ақтөбе облысында COVID-19 індетін жұқтырған алғашқы азамат анықталған болатын.

Испания елінен сапарлап келген әйел денсаулығы нашарлаған соң дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Науқастан алынған сынама нәтижесі қатерлі дертке шалдыққандығын көрсетті. Дәл осы сәттен бастап өңірдегі ақ халаттылар індетпен дамылсыз күресті. Ауруға тосқауыл болған жандарға бірінші кезекте волонтерлер көмекке келді. Соңғы бір жыл ішінде еріктілер бірлестігі 6 мыңнан астам отбасына көмек көрсеткен. Ал пандемия белең алған сәтте алғы шептегі дәрігерлерді ыстық аспен қамтамассыз етіп отырды.

Ақтөбе медициналық орталығының аға медбикесі Нұрсұлу Байкушукова өткен жазды есіне алғысы да келмейді. Өксік қысып, көзіне жас келетін сәттер де болады. Реанимация бөлімінде еңбек ететін жан жағдайы ең ауыр науқастардың қасынан табылған. Алайда қуанышты сәттердің де болғанын айтып отыр. Мәселен, қайырымды жандардың қолдау көрсетіп, қиын-қыстау кезеңде дәрігерлерге медеу болғандығы үшін алғысы шексіз.

Нұрсұлу Байкушукова, Ақтөбе медицина орталығы операция бөлімшесінің аға медбикесі:

– Сіздерге ыстық тамақ әкеліп жатыр, кішкене болса да ауқаттанып алыңдар, әл жинап алыңдар деп, бір-бірімізді сүйемелдеп жүрген кезімізде біздің ешкімге керексіз емес, бізді қолдайтын да, қолдау көрсететін де жандардың бар екеніне қуанып қалдық. Ол тамақты ішетін де уақыт болмай қалатын. Сонда да сырттан келген көмектің өзі бізге үлкен бір жәрдем болды. Жақсы әсер етті.

Бұл – өткел жылдың шілде айы. Бір топ волонтерлер кезекті рет облыстық медицина орталығына келген. Ыстық ас салынған қораптар күндіз-түні сырқаттардың ағзасына демеу, көңіліне медеу болып жүрген дәрігерлерге ұйымдастырылған. Өңірдегі кәсіпкерлермен біріккен волонтерлер тек бір емдеу орнынының өзінде жүзден астам қызметкерді қамтып отырды.

Әмірхан Иманалин, волонтер:

– Дәрігерлерімізге қолдау болсын деген ниетпен кішігірім болса да біздің демеуіміз. Кәсіпкерлеріміз қолдады.

Жүздеген жанның басын қосып, облыстағы барлық волонтерді біріктіргендердің бірі – Екатерина Голотина. Ең қиын кезеңнің сол жаз айларында болғандығын еске алады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, тұрғындарға түрлі бағытта қолқабыс етіп жүргендермен былтырға наурыз айында бас қосып, ортақ жоспар құрған.

Екатерина Голотина, волонтер:

– Бұл дерт Қазақстанды айналып кетпейтіндігін түсіндік. Сырқатпен бетпе-бет келетіндігіміз аян болды. Тұрғындарға да еріктілердің көмегі қажет болатындығы өзге елдердің тәжірибесінен белгілі болды. Сондықтан бірнеше белсенді волонтерлік бірлестіктер ортақ альянсқа бірікті. Аянбай тер төктік десем де болады. Әсіресе жаз айларында күндіз-түні тыным таппадық.

Осы уақыт аралығында волонтерлер ондаған оттегі концентраторын сатып алған. Оның 6-ын әлі күнге дейін қолданып келеді. Мұқтаж жандарға кезекпен жеткізіп отырады. Жүрек қағысын есептеуші, оттегі жастықтары сияқты медициналық бұйымдардың да тілін игерген.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Соңғы жыл ішінде волонтерлер бірлестігі 6 мыңнан астам отбасына азық-түлік, дәрі-дәрмек сияқты қажетті заттарды жеткізіп берген. Өткен жылы Мақтаарал ауданында болған оқыс оқиғадан да сырт қалмады. Санаулы күн ішінде зардап шеккендер үшін 30 тонна гуманитарлық көмек жинады. Қайырымды жандардың қапыдан қолдау көрсететіні де таң қалдырады. Бірлестік жетекшілерінің айтуынша, бүгінгі күні жүзге жуық жанды әп-сәтте жұмылдыруға мүмкіндік бар.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы