Шымкенттіктер Наурыз мерекесінде жүздеген түп ағаш екті

Қала әкімі Мұрат Әйтенов бастаған топ көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастырып, алдағы жылдары оны дәстүрлі өткізуді жоспарлап отыр.

Осы арқылы ұлыстың ұлы күніне жаңа шырай беріп, маңызын одан әрі арттыра түспек.

Шымкенттегі Нұрсәт шағынауданы. Мұндағы аллея бүгін 250 түп талмен толықты. Оның ішінде қылқан жапырақты арша мен қара ағаш көшеттері бар.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

– Мемлекет басшысы өзінің ойын айтты, тапсырма берді. Наурызда тек көңілді көтеріп, тойлағанша, қосымша осындай шара өткізіңдер деп. Соның қарсаңында егіп жатырмыз. Әр ауданда осылай егіп жатыр. Талдар өзіміздік дендропарктегі питомниктен алынып жатыр.

Қала басшысының бастамасын жергілікті спорт және өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қолдай кетті. Ақцияға жастар мен еріктілер де белсенді қатысты. 

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

– Бәрі келіп, бірігіп егіп жатырмыз. Сол үшін қала тұрғындарын осындай тазалыққа, тал егуге шақырамыз. Наурыз айында оның бәрін істеуге мүмкіншілік бар.

Көктемгі көгалдандыру кезінде әр ауданда осылай 10 мың түп ағаш отырғызылады. Кейін олардың күтіп-баптау жұмыстарын да жүйелі ұйымдастыру керек деді қала әкімі.

Аслан Қаженов