430,73 519.25 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда «Шежіре» күні аясында ұлттық дәстүр дәріптелді

  • 96
  • UPD: 10:19, 23.03.2021

Ертіс өңірінде Наурыз мейрамын тойлаудың ерекше жоспары жасалды. Ас ішіп, аяқ босатуға емес, ұрпақ тәрбиесіне мән беруді үндейтін іс-шара бүгінгі буынның ата дәстүрін тануға қызмет етеді. Мысалы, «Шежіре» күні аға буын өкілдері жастармен жүздесіп, көнеден сыр шертеді.  «Жеті ата» тақырыбында зияткерлік сабақтарын өткізді. Ата салтын ұлықтау ендігі жерде күн тәртібінен түспейтін көрінеді.

Мұнда бізде төрт бұрышты бауырсақтар және де дөңгелек бауырсақтар, сонымен қатар бізде ши бауырсақ... 

Наурыз мерекесін атап өту аясында павлодарлық қыз-келіншектер бас қосты. Мақсаттары аға буын өкілдерінен ұлттық тағамдарды әзірлеуді үйрену, жұртшылыққа насихаттау.

Қыз-келіншектер бауырсақтың түр-түрін пісіріп, көршілері мен қарттарға дәм таттыруды көздеп отыр.  Бүгінде бұл шара кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері тарапынан қолдау тапты.

Санира Жүсіпова, жастар бірлестігінің өкілі:

- Ең басты, қадірлі ол – нан. Нанның, бауырсақтың бірнеше түрін дайындап жатырмыз, ши бауырсақ, дөңгелек бауырсақ. Сол бауырсақты аз қамтылған отбасы, көп балалы отбасына апарамыз.

«Шежіре» күні аясында ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар дәріптелді. Шаралар легі бірінші кезекте аймақтағы мешіт медреселерінің шәкірттерінен басталды. Жастарға жеті атаның қадірі түсіндіріліп, насихатталды.

Дәуіржан Ерболат, медресе шәкірті:

- «Жеті атасын білмеген  жетесіз» дейді. Сол сияқты жеті ата, ата-баба жетеуден тарайды. Оның біріншісі жеті ата, екіншісі түп ата, үшіншісі тек ата, төртіншісі баба, бесіншісі арғы ата, алтыншысы ата, жетіншісі әкесі. Осылардан да жетеу тарайды, біріншісі атасы, әкесі, баласы, немересі, шөбересі, шөпшек, немене болып тарайды. Жастар осының бәрін білуі керек. Ол бізге міндет, жауапты шаруа. 

Қобланбек Қожин, кәсіпкер:

- Бұл қыз, ұлдар келешектегі біздің қоғамымыздың қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер шығар мүмкін. Мүмкін халық қалаулысы, депутат болып жатады. Соның барлығы ұлттық салт-дәстүрімізді бірдей алып жүріп, тарату мақсатында жұмыс істеу керекпіз. 

Қоғам белсенділері игі шараларды Наурыз мейрамы аясында ғана өткізбейді. Алдағы уақытта медресе шәкірттері, мектеп оқушылары мен үкіметтік емес ұйым өклідерімен де кездесулер ұйымдастырылмақ. 

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы