Елорда көшелерінде қолайсыз ауа райынан қозғалыс қиындады

Елдің төрт өңірінде боранға байланысты ескерту жарияланды.

Бұл – Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Қызылорда облыстары. Осы 4 өңірдегі республикалық маңызы бар жолдарда қозғалыс шектелді.

Қазір дала тұрмақ, елорданың ішінде таяқ тастам жер көрінбейді. Көліктер қарға батып, таяу маңға қатынайтын қалааралық автобустар тоқтаған. Коммуналдық қызмет дамыл таппай жұмыс істегенмен, жол бойын қардан тазартып үлгермей жатыр.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Елордада ақтүтек боран. Қала көшелерін қалың қар салдарынан қозғалыс қиындады. Синоптиктер дауылды ескерту жариялап отыр. Бүгін желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетеді.

Жолдың жиегіне жиналған қар жаяу жүргіншілерді де біраз әбігерге салды. Күннің қолайсыздығы автобус кестесін де еріксіз өзгерткен сыңайлы.

Ал жылы аялдамаға сыймағандар автобусты сыртта күтуге мәжбүр. Қала тұрғындарының сөзінше, кейбір бағыттағы автобустар белгіленген уақытынан кешігіп келуде.

Блиц 1:

- Аялдамада тұрғаныңызға көп болды ма?

- 20 минуттай болды. Ана аялдамада 30 минут тұрдым. Пересадкамен келдім.

Алайда қалың қарға қуанғандар да бар. Олардың пікірінше, мұндай ауа райы кезінде қозғалыс азайып, коронавирустың таралуы тежеледі.

Блиц 2:

- Бұндай боран негізі 1972 жылдары болған. Пештің мойнынан шығатынбыз. Бірақ боран болғанның да пайдасы бар. Көп адамдар қыдырады. Сондай мына коронавирус. Мен осындай боран болғанына қуанып отырмын.

Блиц 3:

- Қаңтарда болмаған, ақпанда болмаған боран енді болды ғой. Бұл Құдайдың тағдыры ғой.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Қала әкімдігінің хабарлалуынша, бүгін Нұр-Сұлтан қаласын қардан тазалауға 960 техника мен 1700 жол қызметкері көшеге шыққан.

Бірақ бірінші кезекте жол қозғалысы қарқынды учаскелер тазартылады. Одан кейінгі кезекте түрлі алаңдар, вокзал маңындағы аумақ және жаяу жүргінші жолдары. Бірақ арнаулы техникалар әзірге жолдың өзін тазартып үлгермей жатыр .

Боран елдің бірнеше өңірінде қозғалысты қиындатқан. Нұр-Сұлтан қаласына кіретін аумақта көлік кептелісі туындады. Бурабайдан шығатын жолда да жүздеген көлік тұрып қалған.

Ал мына видеода ҚарағандыАқбастау трассасы. Арнаулы техника жолды үйілген қардан тазартып, құм сеуіп жатыр. Қолайсыз ауа райы салдарынан ЕкатеринбургАлматы тас жолында да қозғалыс қиындаған.

Саят Алтынбеков, «Қазавтожол» ҰК» АҚ эксплуатациялау департаментінің директоры:

- Қазіргі уақытта ауа райының нашарлауына байланысты бұрқасын, екіпінді жел және нөлдік көрінумен төрт облыстағы республикалық маңызы бар автожолдардың 12 учаскесінде жол қозғалысы шектелген. Бұл Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Қызылорда облыстарында. Қазіргі уақытта автожолдарды тазарту үшін 400-ге жуық қар тазалайтын техника жұмылдырылған.

Қар құрсауында қалған жолаушыларды жылыту пунктеріне жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күннің қолайсыздығына байланысты жолда қалған, көмекке мұқтаж азаматтар 1403 нөміріне хабарласа алады. Бұл «ҚазАвтожолдың» байланыс орталығы.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Диас ковланбаев