Ақмола облысында акушер-гинекологтар жетіспейді

Мәселен, қазір аймақта 100-ден астам маман бар болса, сұранысты толық қамтамасыз ету үшін әлі 25 дәрігер керек.

Өңірде анестезиологтар мен реаниматологтар да тапшы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, олар үшін қазір 20 орын бос тұр. Соның салдарынан Шортанды, Жарқайың, Біржан сал және Егіндікөл аудандарында мұндай мамандық иелері мүлдем жоқ. Жергілікті тұрғындар қандай да бір операция жасату үшін көрші ауданға немесе қалаға қатынауға мәжбүр. Жалпы Ақмола облысында бүгінде 300-ге жуық дәрігер жетіспейді. Салаға жауаптылар бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қолға алынды және аталған проблема алдағы 2-3 жылдың көлемінде шешіледі деп сендіріп отыр.

Нариман Сыздықов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Жас мамандарға қазіргі уақытта грант береміз. Грант бергеннен кейін әлбетте, ол кісі бітіргеннен кейін 3 жыл облысқа жұмыс істеуі қажет. Үй жағынан көмектесіп жатырмыз. Жатақхана береміз. Үшінші, әрбір жас маманға үстемеақы береміз. Ол ақша ақысы 1 млнға жақын.