433,40 515.14 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жыл сайын әлемде 10 млн адам туберкулезбен ауырады

  • 130
  • UPD: 09:31, 24.03.2021

Бүгін Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні.

Жыл сайын әлемде 10 миллион адам туберкулезбен ауырады. Миллиондаған адам індеттің құрбаны болады. Қазір елімізде өлім-жітім көрсеткіші 5 процентке төмендеді. Жалпы жұқпалы ауру бүйректе, өкпеде, ішекте, және ми қабықтарында дами алады.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Осы құрылғымен инфекцияны 2 күнде анықтауға болады. Елімізде туберкулездің алдын алу, диагностика жасау, оны емдеу тегін. Өткен жылы ауруға шалдыққандар саны шамамен 23 процентке төмендеген.

Қазір құрт ауруынан құлан-таза айығып кетуге болады. Арнайы аппараттың көмегімен екі сағатта туберкулезді айқындап береді. Және ауруға қарсы дәрілерге науқас ағзасының қалай әсер ететінін де зерттейді.

Ербол Ағаділов, қабылдау кеңес беру бөлімінің меңгерушісі:

- Флюрографиядан кейін ағзада таяқшаның бар екені анықталып, келесіде ағзада бар болған жағдайда дәріге төзімді не болмаса сезімтал екенін анықтайды. Қазір жеке емдеу жүргізіп жатыр. Бұрын 6-9 ай ем болып саналатын. 3-қатарда 30 ай, қазір 10-18 айдың аралығында емделеді.

Бұл кеселдің алдын алу үшін жылына бір рет профилактикалық тексеруден өткен абзал. Алайда туберкулездің белгілері пайда болса, онда дереу тұрғылықты мекенжай бойынша емханада кеуде қуысының рентгенін жасау керек. Ең бастысы науқас кешенді ем-домды үзбей қабылдауы тиіс.

Жұмабек Бекенов, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының департамент директоры:

– 2010 жылдармен салыстырсақ, туберкулезбен аурушаңдық 2,3 есеге азайды. Жетістігі – ауруды дер кезінде анықтау және сапалы емдеу. Аурудың емін үзбеу керек. Бір жеті үзсе, ауру қайта өршіп, жаман күйге түседі. Бұл ауру емделеді. Тек уақытында дәріні қолдану керек.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде 11 мыңнан астам қазақстандық туберкулез ауруы бойынша диспансерлік есепте тұр. Өткен жылы жұқпалы ауру салдарынан 2442 науқас мүгедек болып қалды. Жұқпалы дертті дендетпеу үшін салауатты өмір салтын ұстанған абзал.

Наргиз Бекмағанбетова, Асхат Қарақойшиев, Ержан Рахманбердиев, Досхан Қораз 

Хабар 24 телеарнасы