Ақтөбеде көпбалалы отбасыларды кәсіпке баулу қайта жанданды

Бірақ іс жүргізудің қыр-сыры тегін оқытылғанымен, бизнес бастауға қаржы емес, басқа қолдау түрі қарастырылған.

Айгүл Бермұханбетова – тігіншілікпен айналысып, отбасын асырап отырған сегіз баланың анасы. Жолдасы өмірден озғалы осы кәсіпке ден қойған. Себебі асыраушысынан айырылғаны және «алтын алқа» иегері ретінде берілетін жәрдемақы жанұяның қажеттілігіне жете бермейді. Сондықтан қолынан шыққан өнімін көбіне арзанға беруден басқа амал жоқ. Алғашқыда күні-түні еңбек еткен көпбалалы ана былтыр қайтарымсыз грант ұтып, қажетті құрал-жабдықтарын да алған.     

Айгүл Бермұханбетова, көпбалалы ана:

– Барлығымыз кешкі мезгілде алтыдан кейін жұрттан алған тапсырыстарды бірі үтікпен жабыстырып жатады. Біреуі оюды тігіп жатады, бірі құрап жатады. Менде қазір айналым жоқ. Айналдыру үшін арзандатып, тоқтамай әрі балалар да үйрене береді. Менде өтіп тұрғанын жақсы көрем.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелерін жеке іс жүргізуге баулу жобасы былтырдан бері жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте кәсіпкерлер тегін дәріс беріп, бизнес бастауды үйретеді. Ал жергілікті билік оларды қаржылай емес, кәсібіне қажетті жабдықтар бөлуді қолға алған. Былтыр аталған санаттағы жанұяларға тігін ісі үйретілсе, биыл аспаздық өнері дәріптеледі.   

Шолпан Оразалиева, Ойыл ауданының тұрғыны:

-Пицца, нан өнімдерін пісіруді үйреніп жатырмыз. Ол бізге үлкен көмек ауылдық жерде тұратын аналарға мысалыға. Әрі қарай тәжірибе алмасады деп жатыр. Өзім де тоқаш, нан пісіремін. мыналарды да қосып, табыс көзінің көбеюіне көп кәдімгідей септігін тигізеді деп ойлаймын.

Әзірге бұл жоба аясында 15 адам кәсіпкер ретінде тіркеліп, тағы бірнешеуі тұрақты жұмыс тапқан. Бірақ, жауапты басқарма өкілдері істің оң нәтиже береріне сенімді. Себебі, екі бірдей кәсіп түрінен өзге тағы да бірқатар мамандықты үйрету жоспарда бар.

Бибігүл Бисенғалиева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Аз қамтылған көпбалалы аналар кәсіпкерлік негіздерін талап етпей, олар грант иегері бола алады. Сонымен қатар бұл бағдарлама аясында кредиттер, шағын несиелер төрт пайыздық мөлшерлемемен беріледі.

Мамандардың айтуынша, бұл аталған санаттағы отбасылардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралардың бірі. Ал жанұяларға тиесілі мемлекеттік жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек және өзге де қолдау түрлері қалыпты жүре бермек.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев