Петропавл тұрғыны кофе дәндерінен ерекше картиналар жасайды

Кофені сусын ретіне ішіп қана қоймай, одан көздің жауын алатын түрлі картиналар да жасауға болады.

Петропавл қаласының тұрғыны Елена Мордвинованың туындылары оған дәлел.

Петропавлдық Елена Мордвинова кофені көп іше қоймайды. Бірақ дүкеннен оның дәндерін жаппай сатып алады. Себебі аспазшы одан түрлі картиналар жасап әуестенеді. Тіпті жан рахатын осы істен табамын дейді азаматша.

Елена Мордвинова, қала тұрғыны:

– Кез келген картинаны жасауға болады. Ең бастысы ептілік пен шыдамдылық қажет. Туындыларымның ерекшелігі – иісінде. Кофенің хош иісі көңілді көтеріп, маған шабыт береді. Мәселен, бір картинаны жасау үшін 2-3 күн уақыт қажет.

Шебер өнердің бұл түрімен айналыса бастағына үш айдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында 30-шақты картина жасап үлгеріпті. Туындыларына халықтың қызығушылығы да арта бастаған. Азаматша Әлеуметтік желі арқылы түрлі тапсырыстардың да түсіп жатқандығын айтады.   

Елена Мордвинова, қала тұрғыны:

– Қыз-келіншектерден бөлек ер азаматтарға кеме жасадым. Аса бір қиындығы жоқ десем болады. Тек кофе дәндерінің өлшемі бірдей болуы керек. Міне аз ғана уақыттың ішінде бұл туындымның екеуі сатылып кетті. Бір қызығы, менің мұндай өнерім бар екенін таныстарым, тіпті туыстарым да білмеді.

Еленаның екінші баласы сал ауруына шалдыққан. Оның үстіне балақай естімейді, өздігімен жүріп тұра алмайды. Ал бүлдіршінді жылына бірнеше рет оңалту курсынан өткізіп тұру қажет. Сондықтан жұртқа алақан жаймай, осындай ерекше туындылар жасап, сәбиін емдетсем деген ананың басты арманы бар. 

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов