Павлодарда «Замандас» ардагерлер клубы бала тәрбиесіне атсалысып жүр

Павлодарда «Замандас» ардагерлер клубы бала тәрбиесіне атсалысып жүр

Жеті жүзге жуық мүшесі бар Павлодардың «Замандас» ардагерлер клубы бала тәрбиесіне атсалысып жүр.

Бұл ұйымға зейнетке шыққан бұрынғы мұғалімдер, дәрігерлер, заңгерлер мен өзге де сала мамандары топтасқан. Ардагерлер отбасы үлгісіндегі балалар үйлерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ал Наурыз мерекесіне орай «Дарынды балаларға арналған музыкалық колледж, мектеп интернаты» кешеніне барды. Өнерлі жастарға Наурыз мейрамының шығу тарихы жайында әңгімелеп, халқымыздың салт дәстүрлерінен көрініс көрсетті.

Айта кету керек, қариялар 18 топқа бөлініп жұмыс істейді және салауатты өмір салтын мықтап ұстанады. Биыл «Замандас» шағын футбол командасы құрылды. Онда аталар немерелерімен доп тебеді. Жаңадан құрылған «Саяхатшылар» клубы үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Нұрбану Әмірғалиева, «Замандас» ҚҚ директоры:

- «Замандас» ардагерлер қоғамдық қорының ең басты міндеті – бұл жасы үлкен адамдарға қамқорлық жасау. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Жалпы айтқанда белсенді өмір сүргім келеді, әлі де күш қуатым бар, қоғамдық жұмысқа пайдам тиеді деген барша қарттарға бізді клубтың есігі әрқашан ашық. Қазіргі өмірде қыз баланы жақсы тәрбиелеу керек. Сол – біздің мақсатымыз

Әлия Қалқамбекова, бастауыш сынып мұғалімі:

- Наурыз мерекесі қарсаңында облысымыздың құрметті ардагерлері жас ұрпаққа «Сырға салу», «Тұсау кесу» сияқты салт-дәстүрлерді көрсетті. Негізгі мақсаты – тілін, шығу тегін, дәстүрі мен тарихын білетін салихалы ұрпақ тәрбиелеу.