Атырау облысында көктемгі бау-бақша егу жұмыстарына дайындық басталды

Атырау облысы Жылыой ауданының шаруалары көктемгі бау-бақша егу жұмыстарына қарқынды дайындық жүргізіп жатыр.

Техникаларын жөндеп, егетін дәндерін де алдырып қойған. Алайда ауа райының салқындығы жер жыртуды бастауға қол байлау болып отыр. Оған қоса, шаруалар биыл да былтырғыдай Жем өзенінің тасымай қалуынан үрейленетін сыңайлы.

Ауа райының жылдағыдай емес, күрт өзгеруі егіншілердің жер жырту жұмыстарын кешеуілдетіп отыр. Өзінің егізімен бірге егін егудің қыр-сырын меңгерген Аман Сатқынов – Жылыой ауданының халқын көкөніспен қамтамасыз ететін белгілі шаруа қожалығының жетекшісі. Қазір олар көктемгі дала жұмыстарына дайындықты үдеткен. Тіпті тапсырыспен тыңайтқыштарын да алып қойыпты. Енді ауа райының жылынғанын күтіп отыр. Тоң кетсе, техникаларына жан бітеді.

Аман Сатқынов, кәсіпкер:

– Биылға аманшылық болса, 50 гектар егеміз деген жоспарымыз бар. Біз көбіне, қауын-қарбыз, қиыр-қызанақ, сосын өзіміздің жылыжайымыз бар, соларды жасаймыз. Шаруашылығымыз отбасымен жасалатын нәрсе. Өзім бар, егізім бар. Бәріміз бірге атсалысамыз. Осы Жылыой халқын көкөніспен қамтамасыз етеміз.

Ауданда тіркелген 300-ге жуық қожалықтың қазір 250-ден астамы ғана шаруашылықпен айналысады. Оның ішінде 11-і қосымша бау-бақша егуді кәсіп қылған. Алайда былтыр судың азаюына байланысты олардың саны 9-ға төмендепті. Ал биыл тек 6 шаруа қожалығы ғана көктемгі бау-бақша егу жұмыстарына дайындалып отыр. Су мәселесі реттелсе, егіншілердің қатары да артуы мүмкін.

Нұртас Қуатбаев, Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Соңғы 3 жыл бойы су өте аз келді. Және жаз айында үзіліп қалды. Енді биылғы жылы су болады деп дәметіп отырмыз. Биыл ақпан айының 18-інен бастап қар қалың түсті. Боран болды. Біздің судың болуы жоғарыдағы Мұғалжар тауына байланысты. Жалпы Мұғалжар тауында, бергі жағындағы елді мекендерде қар қалың деп отыр.

Жылыой ауданында бау-бақша егу көлемі жылдан жылға өсіп келеді. Бұрындары бар-жоғы 60 гектарға егін егілсе, биыл 230 гектер жерді игеру жоспарланған. Оның 40 гектарына көкөніс, 130-ына бақша дақылдары, ал қалғанына жоңышқа егіледі. Десе де, одан өнім алу Жем өзенінің тасуына байланысты.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин