СҚО-да коронавирустың таралуы 35 процентке төмендеді

Солтүстік Қазақстан облысында COVID-19-дың таралу деңгейі 35% төмендеді. Бұл туралы Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәлім етті.

Үстіміздегі аптаның 2 күнінде өңірде КВИ-дың 25 жағдайы тіркелген. Өткен аптаның осы кезеңімен салыстырғанда індеттің таралуы 35% төмендегені байқалады. Барлық жағдайлардың 92% эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша анықталды.

«Бұл дәрігерлер мен жедел медициналық көмек бригадалары шағымданған адамдарға мұқият тексеру жүргізіп, коронавирустың белгілерін уақытылы әрі дәл анықтап отыратынын көрсетеді. Нәтижесінде емдеуді дер кезінде тағайындауға және науқасты қоғамнан уақытылы оқшаулауға мүмкіндік береді», - делінген ақпаратта.

Пандемия басталғалы СҚО-да індет жұқтырғандар арасында: 34% - жұмыс істейтіндер, 25% - зейнеткерлер, 17% - жұмыссыздар. Коронавирусқа көбіне 60 жастан асқан адамдар шалдығады - жергілікті халықтың 29%, 50-59 жас аралығында - 19%, 14 жасқа дейінгі балалар 8% құрайды.