Елімізде тас жолдарын салу кезінде 2 млн тонна өндірістік қалдық қолданылады

2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 миллион тоннаға дейін арттыру көзделген.

«Қазавтожол» ұлттық компаниясы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен осы туралы арнайы келісім жасасты. Бұл шаралар экологияға зиян заттар көлемін азайтып, қоршаған ортамызды қорғауға бағытталған. Отандық кәсіпкерлер арасында осы бастаманы қолдап, пластикті өңдеп, дайын өнім әзірлейтіндер де бар.

Жыл сайын адамдар әлем мұхиттарына 35 миллион тонна қоқыс лақтырады. Ғалымдардың пікірінше, 2050 жылы суда балықтан гөрі пластик заттары әлдеқайда көп болады.

Бұл мәселе Қазақстанда да бар. Біз күнделікті пайдаланып отырған бөтелкелер мен пакеттер экологиямызға айтарлықтай зиян келтіретіні белгілі. Сол себепті еліміз пластикті өңдеп, қайта қолданысқа енгізу тенденциясына бет бұрып отыр. Бұл бастаманы алғаш болып қолға алғандардың бірі – Қазавтожол компаниясы.

Нұрлан Құрманбеков, «Қазавтожол» ҰК АҚ департамент директоры:

– Қазавтожол ұлттық операторы құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде экологияға әсерді барынша азайтуға көп көңіл бөледі. Жобаларымызды жүзеге асыру кезінде біз Экология министрлігімен тығыз қарым-қатынас жүргіземіз. Мәселен, бүгінгі жобаларымызда күл, қош сияқты 2 миллион тоннаға жуық өндірістік қалдықтарды қолдандық. Экология министрлігімен қол қойған меморандумға сәйкес 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 5 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Жақын арада республикалық тас жолдарының бойында мынадай орындықтар орнатылмақ. Оған бір қарағанда бұл бұйым ағаштан жасалған ба деп ойлап қалуға болады. Алайда шын мәнісінде оны шығару үшін өңделген пластик қолданылды. Полимердің түр-түрінен орындық пен қоқыс жәшіктерін жасайтын зауыт елордада шамамен жарты жыл бұрын ашылды. Осы уақыт аралығында кәсіпорын 500 орындық пен 800 қоқыс жәшігін шығарды. Қазір олар Қарағанды, Алматы облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында тұр.

Максим Үкібаев, пластик өңдеу зауытының коммерциялық директоры:

– Біз үшін қоршаған ортаны таза күйінде сақтап қалу өте маңызды. Мәселен, бір ағаш өсіру үшін 20 жылдай уақыт қажет. Ал пластик заттары 100 жыл бойы ыдырамайды. Сол себепті біз арнайы орындармен келісім жасасып, пластик заттарын сатып аламыз. Кейін оны осы зауытта оңдеп, керемет бұйымдар шығарамыз. Оның әрқайсысына шамамен 30-40 келі пластик кетеді. Орындықтарымыз өте берік, оны сындыру қиынға соғады. Және де салмағы ауыр. Қыстың суығына төзімді. Өнім бағасы да қолжетімді. Қазір біз айына 300 бұйым шағарамыз. Ал зауыттың жалпы қуаттылығы 600 орындықты құрайды.

Компания мамандары мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Эко-кәсіпкерлер болашақта жол бойындағы белгілер, автотұрақтағы тақтайшалар мен қоршаулар жасауды көздеп отыр. Осы материалды эфирге шығармас бұрын біз әлеуметтік желі беттерінде көрермендеріміз арасында сауалнама жүргізідік. Халықтан мұндай бастамалардың қаншалықты маңызды екенін сұрастырдық. Берілген жауаптарға сүйенсек, көбі елде бұдан да маңызды проблемалар бар деп есептейді. Алайда арасында осы бастаманы қолдап, тіпті өздері пластикті жинап тапсыруға дайын адамдар да бар. Бұл қуанышты жайт.

Дариға Ташенова, Ержан Қанапияұлы