429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде түйе шаруашылығы неге кенжелеп тұр

  • 155
  • UPD: 10:11, 25.03.2021
Елімізде түйе шаруашылығы неге кенжелеп тұр PrimeMinister.kz

Түйе өсірудің жүгі ауыр. Кез келген шаруа бұл кәсіпке кірісіп кете алмайды.

Оның дәлелі, елімізде түйе сүтін өндірумен 200 шаруашылық қана айналысады. Біразының кәсібі тұралап қалған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде 250 мыңға жуық түйе бар. Оның жартысы жекенің шаруашылығында, қалғаны ірі құрылымдарда екен. Ал мамандардың айтуынша, түйені көбейту үшін жағдай да, жер де бар.

Бұл шаруашылықта 2003 жылы небәрі 10 түйе болған. Қазір бес жүзден асады. Кәсіптің нәсібін көрді деген осы. Еңбектенбесе мал басы өспейді. Осыны білетін шаруа бар күшін салып, ойсылқара тұқымын көбейтті. Түйе сүтінен дайындалатын шұбаттың емдік қасиеті мол. Сосын сұраныс та бар. Алайда төрт түліктің төресі түйенің еті сүті көп өңірде сатылмайды. Таңсық ас десе болады. Мемлекет басшысы негізгі ресурс ретінде ауыл шаруашылығын атап айтқаннан кейін түйе шаруашылығын дамыту мәселесі жиі көтеріле бастады.

Оразалы мұстафин, шаруа қожалығының директоры:

- Тәулігіне 1 тонна сүт аламыз. Бір түйе 7-8 литр сүт береді. Күніне 3 мезгіл сауамыз. Қазір сауыншылар бар. Алайда алдағы уақытта автоматты желі болады. Арнайы жабдықтар сатып алдық. Жакында іске қосамыз.

Түйе сүтінің майлылығы 5 процент болады. Яғни сиыр сүтіндегі майдан 4 есе көп. Құрамында кальций, фосфор, калий, натрий бар. Шаруа 2010 жылы шағын цех ашқан. Пастерленген сүтті пластик ыдыстарға құйып сатады. Сақтауға және тасымалдауға қолайлы. Күніне 160 түйені 3 мезгіл сауады. Шаруашылықта 12 адам жұмыс істейді. Жалпы Түркістан өңірінде 35 мыңға жуық түйе бар екен. Жері мал шаруашылығына өте қолайлы облыста түйені көбейту керек.

Мамандардың айтуынша, түйе сүтіне Қытай елінен де сұраныс бар. Ұнтақ түріндегі өнімді екі жылдан бері экспортқа шығарып отыр. Сондай-ақ Түркістан мен Алматы қаласындағы зауыттарға жібереді. Түйе малы үшін шөлді және шөлейтті аймақтар қолайлы. Ойсылқара тұқымының 82 проценті Маңғыстау, Атырау Қызылорда мен Түркістан облыстарында шоғырланған. Ал Алматы облысында небәрі 8 мың, Жамбыл облысында 7 мыңнан астам түйе бар екен. Елімізде осы саланы субсидиялауға 300 млн теңге бөлінген. Оның өзін шаруалар дер кезінде ала алмай отыр. Бұл қаржы ірі қара мен жылқы және қой шаруашылығымен салыстырғанда көп емес.

Хабар 24 телеарнасы