Елімізде 15,4 млн га жер пайдаланылмай жатқаны анықталған

2016-2020 жылдар аралығында ел бойынша шамамен 15,5 миллион гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 5,5 миллиондай гектары ауыл шаруашылығы мақсатына қайта тартылып, тағы 5,6 миллион гектары мемлекеттің меншігіне қайтарылды. Ал 4,4 миллион гектарды сот арқылы алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұны жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.

2019 жылы заңнамаға өзгерістер енгізілген соң былтырғы қаңтардан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштан тексеріс жүргізілді. Осы тұрғыда пилоттық жоба іске қосылды. Нәтижесінде осы төрт облыста 8 миллиондай гектар жер пайдаланылмай жатқаны анықталған. Осылайша бос жатқан жерлерді игеріп, кейбірін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарылды.

Айта кетейік, биылғы 1 қаңтардан бастап елдің барлық аумағындағы жерге ғарыштан мониторинг жүргізілуде. Алайда қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан космомониторингтің ашықтығына күмән келтірді.

Мұхтар Тайжан, ҚР қоғам қайраткері:

– Құрметті министр мырза, сіз қазір өзіңіздің баяндамаңызда 1 қаңтардан бастап космомониторинг бүкіл Қазақстан бойынша қосулы екенін айттыңыз. Өкінішке қарай, бұл шындыққа жатпайды. Өйткені сіздің шешіміңізбен өткен желтоқсан жануарларды бірдейлендіру жүйесі базасы жауып тасталды. Үш ай бойы космомониторинг соқыр болып отыр. Сондықтан ЖБЖ базасын ашу керексіз, өйткені бұл – мемлекеттік ақпарат.