430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда 1,5 млн тұрғыны бар қалаға айналады

  • 111
  • UPD: 14:52, 25.03.2021

Елорда бүгінде 130-ға жуық аумаққа бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр секторда 10 мыңдай адам тұрады. Барлық аумақта өзінің балабақша, мектеп, емханасы болады. Қала қарқынды өсіп жатыр. Қай жақтарға басымдық берілген? Жалпы, жақын болашақта бас шаһарымыз қалай түлеп, түрленеді?

Бас қаладағы халықтың саны бүгінде 1 миллион 100 мыңнан асты. Қазір шаһар аумағы ұлғайып барады. Әсіресе тұрғын үйлердің саны өскен. Нәтижесінде жаңа аудандар пайда болып жатыр. 

Әлібек Әбдірайымов, «Астананың бас жоспары» институтының мамандандырылған шеберхана басшысы:

– Қазіргі таңда елорда Мыңжылдық аллеясы, Ханшатырдың арты, ЭКСПО ауданы, Тельман және Қарағандыға шыға беріс жаққа қарай кеңейтіліп жатыр. Бұдан бөлек, ескі қала жақ та өседі. Яғни жаңа тұрғын үйлердің дені осы аталған аумақтарда салынады. Сонымен қатар Асан қайғы көшесіндегі жер үйлер сүріліп, жаңа магистраль салынады, инженерлік желілер тартылады. Осылайша ол жақ та өседі.

Ендігі мақсат – өзге елдердің астанасы сияқты біздің де бас шаһарды «қауіпсіз һәм ақылды қала» ету. Қазір аулаларға жаппай камера қойылуда. Нәтиже бар. Тек былтырдың өзінде елордадағы қылмыс 30 процентке азайған. Ал Нұр-Сұлтанның жолдары ел бойынша ең қауіпсіз деп танылған. Сондай-ақ...

Бексұлтан Қуандық, қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Сондай-ақ ағымдағы жылғы ақпан айында «Birge» платформасы, жалпы идеяларға арналған алаң іске қосылды, ол қала тұрғындарына елорданың тыныс-тіршілігінің жекелеген мәселелерін шешу бойынша идеялар ұсынуға және білікті сарапшылар іріктеп алған ұсыныстарға дауыс беруге мүмкіндік береді. Барлық идеяларды сарапшылар қарастырады, ал ең жақсыларын іске асыруға кепілдік беріледі.

Яғни қаланы дамытуға тұрғындардың өзі де тікелей атсалыса алады деген сөз бұл. Қазір шаһарда цифрлық жүйеге басымдық берілген. Мәселен, әкімдік көрсететін мемлекеттік қызметтер былтыр 100 процентке цифрландырылды. Айталық, енді пәтер алған кезде құжаттарды онлайн рәсімдеуге болады.

Бексұлтан Қуандық, қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Пәтер сатып алғаннан кейін азамат барлық монополистерді аралап, әрқайсысымен жеке келісімшарт жасап, қоңырау шалып, құжаттардың дайын екенін білуге мәжбүр болатын – бұл бір айға созылатын еді. Үй сатып алған адам газ, жарық, судың құжаттарының барлығын ІQala деген порталға бір құжат тапсырып ала алады. Өтініш беруші өтініші мен жеке куәлігін тапсырса болды.

Бекітілген кешенді жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін қаланың оң және сол жағалауларын қосатын жаңа жолдар мен көпірлер салынады. Осылайша қазір халқы 1 миллионның төңірегенде болып тұрған елорда бірер жылда 1,5 млн тұрғыны бар қалаға айналмақ.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Арман Ақшабев

Хабар 24 телеарнасы