ШҚО-да ірі көлемдегі есірткі жеткізу арнасы анықталды

Жарма ауданында ер адам аса ірі көлемдегі есірткіні еркін тасымалдаған, деп хабарлады Polisia.kz.

ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Дәрмек» жедел-профилактикалық шарасы аясында №5518 әскери бөлімінің арнайы жасағымен және Жарма аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Жарма ауданы Қалбатау кентінің маңында Алматы – Өскемен автожолында «Volvo-580» маркалы автокөлікті ұстады. Аталған автокөлік салонында Жамбыл облысының 39 жастағы тұрғыны мен автокөлік жүргізушісі болған.

«Жеңіл автокөлікті тінту барысында автокөлік ішінен автомашинаның екі қосалқы дөңгелегі табылды, олардың ішінен скотчпен оралған, кептірілген марихуана салынған 19 бума табылды», – деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Тергеу барысында күдіктінің танысына мән-жайды айтпай, оның автокөлігімен Өскемен қаласына дейін қосалқы дөңгелектерді жеткізіп беруді өтінгені анықталды. Бұған дейін аталған ер адам полиция қызметкерлерінің назарына ілікпеген. Жедел уәкілдер күдіктінің Жамбыл облысынан есірткі жеткізу арнасын ұйымдастыруға тырысқанын анықтады. Тәртіп сақшылары есірткі арнасына қатысы бар адамдардың жеке басын анықтап жатыр. ШҚО бойынша Сот сараптамасы институтының қорытындысына сәйкес тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 19,5 келіні құрайды.

Күдікті қамауға алынды, ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, аталған қылмыс үшін мүлкін тәркілей отырып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.