Павлодар облысында пойыз келгенше теміржолдан өтпек болған көлік тоқтап қалды

Павлодар облысында пойыз келгенше теміржолдан өтпек болған көлік пойыз келе жатқанда тоқтап қалды.

Аталған факті Шарбақты ауданының полиция бөлімінде тіркелді, деп хабарлады Рavlodarnews.kz.

«24 наурызда әлеуметтік желілерді мониторингілеу кезінде kolesa_pavlodar парақшасында пойыз машинисінің шұғыл тоқтауға тура келгені туралы видео жарияланды. Себебі теміржолда автокөлік тұрған. Аталған факті бойынша тексеру жүргізілді. Нәтижесінде полицейлер Шарбақты ауданы Алексеевка ауылының өткелінде 544 км теміржол бойында «Toyota Camri» автокөлігінің жүргізушісі жол жүру ережелерін өрескел бұзып, бағдаршамның тыйым салатын сигналын ескермегенін анықтады. Жүргізуші жүріп үлгеремін деп ойлаған, алайда дәл сол жерде көлік тоқтап қалған», - деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Полицияда жүргізуші анықталғанын, ол Шарбақты ауданы ауылының 38 жастағы тұрғыны болып шыққанын атап өтті. 

Темір жол өтпесі бағдаршамының тыйым салынған белгісіне өту фактісі бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 607-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.