429,67 515.14 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенат экологиялық бастамаларды заңнамалық тұрғыда қолдауды қамтамасыз етеді

  • 89
  • UPD: 17:00, 25.03.2021
Сенат экологиялық бастамаларды заңнамалық тұрғыда қолдауды қамтамасыз етеді Сенаттың баспасөз қызметі

Бүгін Палата төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысы болды.

Төртінші мәрте өтіп отырған кездесудің басты тақырыбы экология, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және тұрақты даму мәселелеріне арналды. Сенаторлармен бірге жас сарапшылардың пікірін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те тыңдады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Отырысты ашқан Сенат төрағасы еліміздің алдында бүкіл әлемге тән экологиялық қауіп-қатерлер: климаттың өзгеруі, жердің шөлейттенуі мен тозуы, биоалуантүрліліктің жоғалуы, топырақтың эрозиясы, ауа мен судың ластануы тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері, өнеркәсіп қалдықтарын кәдеге жарату, ерекше табиғи нысандардың экожүйесін қалпына келтіру және сақтау проблемалары да маңызды болып отыр.

«Экологиялық проблемаларды мемлекеттің қатысуымен ғана шешу мүмкін емес екені анық. Азаматтық сектор, ҮЕҰ, бизнес, жанашыр жандар мен еріктілер тарапынан да белсенді іс-қимыл қажет болады. Халық арасында экологиялық ойлау мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дамыту қажет. Сондай-ақ тиімді заңдар да керек. Бұл тұрғыда өткен жылдың соңында еліміз Президентінің бастамасы бойынша Парламент қабылдаған Экологиялық кодекстің маңызы зор. Ондағы нормалардың арқасында қоршаған ортаны қорғау саласында жаңа ережелер жасалады. Ең алдымен, кодекс арқылы «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидаты іске асады. Бұл ластаушыларға айыппұл төлемдерінің мөлшерін бірнеше рет арттыруды да, олар келтірген залалды жою үшін қажетті шаралар қабылдауды да білдіреді», – деп атап өтті Сенат төрағасы.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев атмосферадағы ауаның сапасы мен қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу деңгейінің төмендігі экологиялық күн тәртібіндегі бірінші кезектегі мәселе екенін атап өтті. Атмосфераға шығарынды көлемі өсе түсуде: 2020 жылы олар 2,57 млн тоннаны құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда (2,51 млн тонна) көп. Сондай-ақ су ресурстарын үнемдеу саласында инфрақұрылымның ескіруі, көптеген судың ысырап болуы, су үнемдеуге ынталандырудың жеткіліксіздігі проблемалары орын алып отыр.

«Экологиялық проблемаларды шешу үшін 2025 жылға дейін экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жол карталары жасалды, олар қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған  жаңа 24 полигон салуды, ластанған жерлерді қалпына келтіруді және жоюды, жаңа 7 кәріз-тазарту құрылыстарын салуды және 12 құрылысты қайта жаңартуды, сондай-ақ 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеуді көздейді, оның аясында экономиканы декарбонизациялау сценарийі белгіленді және «жасыл өсім» бойынша шаралар топтамасы әзірленеді», – деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Жас сарапшылар клубының отырысы барысында пікірталасқа қатысушылар экологиялық проблемаларды шешуге, табиғи ресурстарды үнемдеуге және тұрақты дамуға қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарымен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың эколог-зерттеушісі, ғылым және технологиялар саласындағы PhD Айымгүл Керімрай және төмен көміртекті даму бойынша сарапшы, Dornier Consulting консультанты Гүлжамал Исаева Қазақстан қалаларындағы ауа сапасын зерттеу нәтижелерімен бөлісіп, проблемаларды шешу жөніндегі бірқатар ұсыныстар айтты.

Су ресурстары бойынша сарапшы, University of Oulu (Финляндия) докторанты Айбек Жұпанхан Қазақстандағы су ресурстары менеджментінің проблемалары туралы айтып берді. Lund University (Швеция) су ресурстары инженериясы саласындағы PhD Кәмшат Түсіпова БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары аясында су ресурстарын басқарудағы әлемдік ағымдар туралы ақпаратпен бөлісті және Қазақстанның су секторында институционалдық әлеуетті арттыру жөніндегі ұсыныстарын айтты.

Ұлттық биотехнологиялар орталығындағы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин Қазақстанның сирек кездесетін және жойылып бара жатқан флора мен фауна түрлерін сақтау үшін биоалуантүрліліктің ұлттық биобанкін құруды ұсынды. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ макроэкономикалық талдау және болжамдау орталығы директорының орынбасары Ернар Серік инвесторларды тарту арқылы Қазақстан аумағының шөлейттену проблемасын шешу жолдары туралы ойымен бөлісті.

Сенат төрағасы отырысты қорытындылай келіп, сарапшылардың ұсыныстары Министрліктің жұмысында да, Палатаның заң шығару қызметінде де ескерілетінін атап өтті.

Хабар 24 телеарнасы