Түркістандық дәрігерлер жаңа туған нәрестеге күрделі операция жасады

Түркістан облысының облыстық балалар ауруханасының кардиохирургтары жүрек ақауымен дүниеге келген сәбиді аман алып қалды.

Алты сағатқа созылған күрделі отадан кейін сәбидің кеуде қуысы жабылып, кардиохирургия бөліміне ауыстырылған, деп хабарлайды Otyrar.kz.

Туғанына небәрі үш күн болған нәрестеге жоғары технологиялық бірнеше ота жасалды. Соның бірі – жүрек тамырларының транспозициясын түзету операциясы. Сәбидің салмағы небәрі 2400 грамм. Нәресте қалалық перинаталдық орталықтан санавиация желісі бойынша ауыр жағдайда түскен. Оған кардиохирургтар, анестезиолог және перфузиолог дәрігерлері бар бригада күрделі радикалды операция жасады. Күрделі ота сәтті аяқталды.

Туа біткен жүрек ақауын жою үшін Лекомпте маневрімен негізгі тамырларды артериялық ауыстырылды. Дәрігерлердің айтуынша, дер кезінде жасалған отаның арқасында сәбидің денсаулығы жақсарды. Бала тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық бақылауға шығарылды. ОДБ жағдайында оңалту еміне дайындалуда. Жыл басынан бері облыстық балалар ауруханасының кардиохирургтары жаңа туған нәрестелерге осындай 6 ота жасады.

Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Түркістан облыстық балалар ауруханасының кардиохирургия бөлімшесінде жыл сайын сәбилердің ашық жүрегінде 250 операция жасалынады. Олардың 40%-і жүрек ақауы бар жаңа туған нәрестелер. Түркістан облыстық балалар ауруханасында дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында түрлі оқыту шаралары ұйымдастырылып отырады.