Алматыда вакцина салдырған дәрігер коронавирус жұқтырды

Оның айтуынша, ковидке қарсы екпе адамды толықтай қорғай алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вакцина әр адамға әрқалай әсер етеді. Десе де, қазір дерттен сақтанудың жалғы жолы – вакцина салдыру.

Ал мегополисте халықты жаппай вакциналау сәуір айының екінші жартысына жоспарланған. Ковид жұқтырған дәрігердің жағдайы мен қала тұрғындарына вакцина салу барысы қандай?

Иван Мельников Алматыдағы жекеменшік медицина мекемелерінің бірінде репредуктолог дәрігер болып істейді. 2 наурызда «Спутник V» вакцинасын салдырған. Ағзасы екпені жақсы қабылдаған. Алайда, бір апта өткеннен кейін өзін жайсыз сезіне бастаған. Бас кезінде шаршаған шығармын деп ойлаған. Бірақ құрғақ жөтел пайда болған соң бірден ПТР-тест тапсырыпты.

Иван Мельников, репродуктолог:

- 10 наурызда COVID-19-ға тест тапсырдым. Келесі күні инфекция расталды. Дене қызуым көтеріліп, жағдайым тіпті нашарлап кетті. Өзім де дәрігермін ғой. Коронавирустың барлық белгісін анық білем. Әлсіздік, аяқ-қолым, арқам, басым ауырды. Ауруханада 8 күн жатып шықтым. Қазір тәуір болдым. Үйдемін. Тағы ПТР-тест тапсырдым. Ол теріс нәтиже көрсеткен жағдайда тағы бір апта үйде болам. Содан кейін ғана жұмысқа шығамын.

Иван Мельников вакцинаның коронавирус инфекциясынан толық қорғамайтынын жақсы біледі. «Бірақ бұл ковидке қарсы екпе тиімсіз дегенді білдірмейді», дейді. Сондықтан қандай болған күнде де вакцина салдыруға кеңес береді.

Иван Мельников, репродуктолог:

- Иә, вакцина салдырғаннан кейін де ауру жұқтырып алуы әбден мүмкін. Мен екпе салдырмас бұрын ПТР-тест тапсырғам. Бірақ коронавирустың инкубациялық мерзімі 16 күн ғой. Инфекцияны қашан жұқтырып алғанымды білмеймін. Мүмкін вакцинаны алғанға дейін әлде одан кейін шығар . Вакцинадан соң ауыратындар өте аз. Ішінара ғана кездеседі. Менде антидене қалыптасып үлгермеген шығар. Әзірге ешкім антиденелердің қандай деңгейі вирус жұқтырмауға жеткілікті екенін сенімді айта алмайды. Бұл мәселе әлемдегі барлық вакцинаға ортақ.

Сала мамандары да «бұл қалыпты құбылыс», дейді. Вакцина алғаннан кейін өте мұқият болған жөн. Әсіресе, көпшілік жиналатын жерге бармаған дұрыс.

Лаура Мырзағали, Телемедицина орталығының директоры:

- Бірінші вакцинадан соң адамның иммунитеті қалыптасып үлгермейді. Сондықтан ауру жұқтырып алуы мүмкін. Егер ауырған жағдайда емдеу қазіргі хаттамаға сәйкес жүргізіледі. Ешқандай артықшылығы жоқ. Ал екінші мәрте 21 күннен соң салынатын ревакцина қажет пе, қажет емес па оны емдеуші дәрігерлер айтады. Яғни зертханалық зерттеулердің қорытындысы бойынша шешім қабылданады.

Қазір Алматыда вакцина салатын 35 ем-шара кабинеті жұмыс істеп тұр. Жақында тағы 15-і ашылады. Оған қоса сауда үйлері мен базарларда екпе жасайтын орындар ашу көзделген. Ал, мегополисте халықты жаппай вакциналау сәуір айының екінші жартысына жоспарланып отыр. Ол үшін алдағы үш айдың ішінде 200 мың доза жеткізіледі. Және тура осындай доза ревакцинация үшін әкелінеді.

Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова