Өскемен қаласының шетіндегі саяжайларды су басты

Шығыс өңірде соңғы үш тәулікте күн күрт жылынып, сай-саладағы қардың көбесі сөгіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еріген қар суынан кейбір өзен-көлдердің деңгейі 73 сантиметрге дейін көтерілді. Осының салдарынан Өскемен қаласының шетіндегі саяжайларға су жайыла бастады.

Тау арасындағы 226 жаздық үйдің 20-дан астамына су кірген. Осы төңірекке Төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге арнайы техникамен тілшіміз Олжас Керейхан да барып, жағдайы өз көзімен көріп қайтты. 

Олжас Керейхан, тілші:

- Өскеменнің айналасы жағалай саяжай. Сондықтан көктем шыға оны қоныстанған халық та әр күнді үреймен өткізеді. Ол аумақтарды құтқарушылар да ерекше бақылауда ұстайды. Соңғы бірнеше тәулікте өңірде қар ерекше еріді. Сондықтан кешелі бері тау аңғарындағы жаздық саяжайларды су басып жатыр.

Олжас Керейхан, тілші:

-Қар қалың қалың жауған жылдары Аблакет өзенінің бойындағы саяжайларды су басады. Биыл да сол жағдай қайталанды. Мұндайға жағдайды көру үшін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мынадай арнайы техниканы ғана пайдаланады. Басқа бірде-бір көлік жүре алмайды.

Бұл аймақтағы 200-ден аса саяжайдың екеуінде ғана қыста адам тұратыны анықталды. Бірақ ол үйлерге су кірмеген.

Қаныш Мұқажанов, қала әкімдігінің инспекторы:

- Осында келіп, жағдайды бәрін тексердік, қанша кісі тұрады дегендей. Қай үйлерді су алғанын көрдік, олар қандай жағдайда екенін тексеріп шықтық. Бүгінгі күнге жалпы сол үйлердің ішінде 2-ақ үй қыстай тұрады.Оның ішінде біреуінде ғана кісі болды. Ол кісімен әңгілестік. Ол «көшірудің қажеті жоқ» деді.

Саяжайлардың іргесінен ағатын Аблакет өзені бастауын Сібе көлдерден алады. Оған қар суы қосылып, төменгі сағасы сай-сайлаға жайылды.

Валентин Литвиненко, қалалық ТЖД аға офицері:

- «Қазгидерометтен» түскен мәлімет бойынша судың деңгейі 53 сантиметрге төмендеді. Бүгін осы саяжайдағы 13 үй ғана суда тұр.

Су басқан саяжайдың бәрі де жаздық. Бүгінге дейін таулардағы қардың көбесі сөгілген жоқ. Есесіне Өскемен мен Риддер қаласының көшелері көлдария. Әсіресе көп қабатты үйлердің ауласынан аяқ алып жүргісіз.

Наталья Басаргина, қала тұрғыны:

- Көктем сайын көретін күніміз осы. Нан алуға дүкенге жету мұң болды. Әсіресе, біз сияқты жасы үлкен адамдарға өте қиын болды. Үйден аттап шыға алмай қалдық.

Дегенмен, қалада наурыз айында 7 мың текше метр су сорғызылған. Тасқынға тосқын жасау үшін 100-ге жуық техника 400 тонна топырақ пен 5 мың қап дайындалды. Жеке үйлерді су басқан жағдайда тұрғындарды көшіру үшін 900-ге жуық төсек-орын дайын тұр. Ал, ауа райын болжау орталығының мамандары алдағы бірнеше тәулікте аймақта күн райы күрт жылынатынын хабарлады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин