«Хабар 24» арнасының тілшілеріне дөрекі мінез танытқан мемқызметкер ескерту алды

«Хабар 24» телеарнасының тілшілеріне дөрекі мінез танытқан шенеунік ескерту алды.

Еске салсақ, былтыр біздің арнамызда Жамбыл облысындағы жүктемесі көп жүк көліктері туралы сюжет көрсетілді. Бірақ облыстық көліктік бақылау инспекциясы жетекшісінің орынбасары Темірлан Мұқышев сұхбат беруден бас тартқан еді. Бұл мәселемен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаменті айналысып, қызметтік тексеріс жүргізген. Этика жөніндегі отырыста Темірлан Мұқышев ем алып жатқанын айтып, журналистердің сұрақтарына жауап беруге дайын емес екенін жеткізді. Бірақ кеңес мүшелері бұл жауапты қабылдамады. Айта кетерлігі, Темірлен Мұқышев 2019 жылы да ауыр және ірі көлемдегі көлік құралдарының жүруіне арнайы рұқсат бергені үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алған.

Темірлан Мұқышев, облыстық көліктік бақылау инспекциясы жетекшісінің орынбасары:

- Сұхбат бермеймін, бергім келмеді. Түсірмеңдер. Сағат үште ұлттық бюрода жиын өтеді, сонда бәрі айтылады. Сонда келіңіздер.

Руслан Шәріпов, ҚР МҚІА облыстық департаменті басқармасының жетекшісі:

- Қызметтік тексеру жөніндегі тексеру нәтижелері әдеп жөніндегі отырысында қаралып, қорытындысы бойынша оған ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс енгізілген. Бұл жағдайда Темірлан Мұқышев Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтамаған. Яғни, жалпы қабылданған моральдық нормаларды бұзған, сонымен қатар азаматпен қарым-қатынаста әдептік танытпаған.