Ақтөбе облысында бауырына жер телімін берген шенеунік жауапқа тартылды

Жайылым жерді туған бауырына берген шенеунік жауапқа тартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы конкурстық әдіспен үлестірілетін 1434 гектар жердің иесін анықтау кезінде інісіне басымдық берген. Бұл дерек Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық әдеп жөніндегі кеңесінде қаралды. Прокуратура мен құзырлы орган өкілдері жүргізген тексеру нәтижесі «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның бұзылғандығын көрсетті. Осыған орай жер қатынастары бөлімінің басшысы мен Ырғыз селолық округінің әкіміне қатысты жұмыстан босату туралы шешім қабылданса, комиссия құрамында болған өзге шенеуніктерге ескерту берілді.

Қайрат Акиев, ҚР МҚІА облыстық департаменті басқармасының бас маманы:

- 1434 га құрайтын жер учаскесіне қатысты түскен Ералин мен Жұбанышевтердің өтінімдерін қарау барысында олардың инвестициясының болжамды көлемде берілген баллдарының теңдігінің қарамастан, жер комиссиясының орынбасары Ералин мүдделер қақтығысына жол беріп, конкурсқа қатысушы өзінің туған інісі Ербол Ералиннің балы негізсіз жоғарылатылып, комиссия мүшелерінің шешімімен оны жеңімпаз деп танып, ол хаттамаға барлық комиссия мүшелері қол қойған.