ШҚО-да астан уланған оқушыларға дизентерия диагнозы қойылды

Шығыс Қазақстан облысында астан уланған оқушылардың дизентерия ауруына шалдыққаны белгілі болды.

Бұл туралы облыстық «Ана мен бала» орталығының бас дәрігері мәлімдеді. Естеріңізде болса, өткен аптада Бозанбай ауылындағы мектеп оқушыларынан жаппай улану белгілері байқалып, біразының ауруханаға түскені жайлы хабарлаған едік. Соңғы рет сырқаттанған балалардың саны 85 болса, мереке күндері олардың саны 118-ге жеткен. Арасында мектеп жасына дейінгі 8 бала бар. Мамандардың айтуынша, қазір ауруханада 61 бала емделіп жатыр. Оқушылардың көпшілігіне дизентерия диагнозы қойылғанымен, оның қайдан тарағаны әзірге белгісіз.

Ермек Омарбеков, облыстық «Ана мен бала орталығының» бас дәрігері:

- Балалардың жағдайлары жеңіл және орта дәрежелі ауырлықта. Бүгін ғана екі бала шығарылды. 48 баланың анализінен дизентерия анықталды. Бұл диагноз зертханалық және клиникалық зерттеулер арқылы дәлелденіп отыр.