Шымкентте эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз

Өткен тәуліктің өзінде 22 адам коронавирус жұқтырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, инфекцияға шалдыққан науқастармен байланыста болған 180-нен астам адам анықталды. Өкініштісі сол, ковид жұқтырғандармен байланыста болған азаматтар карантин талаптарын жиі бұзады. Яғни, 14 күн оқшауланудың орнына, адамдар көп шоғырланатын жерлерге шығып кетеді.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қаулы бойынша 14 күн үйлерінде отыруы қажет. Егер ол кісілер жұмыс істейтін болса, жергілікті тұрғылықты емханаларда еңбекке жарамсыз парағы ашылады. Бұл қаулымен бекітілген. Алайда дәрігерлердің талаптарын сақтамай, қаулыларды сақтамай, осы кісілер қалада жүр. Олар үйлерінен шығып кетіп жатыр. Олар көп адам шоғырланатын жерлерде болып жатыр. Автобустарда жүр. Кейбір жағдайда жұмыс орнына барып жатқандары бар.