Биыл ШҚО-да заманауи жаңа май экстракциялау зауыты ашылады

Биыл Шығыс Қазақстанда озық қондырғылармен жабдықталған заманауи жаңа май экстракциялау зауыты ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорын күнбағыс майы мен жоғары протеинді күнжара өндіреді. Отандық өнім Қытай, Түркия, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты мемлекеттер мен Еуроодаққа да шығарылмақ. «Qazaq-Astyq Group» компаниясы ұсынған болашағы зор бұл жобаны Қазақстанның Даму банкі қаржылай қолдап отыр.

«Qazaq-Astyq Group» компаниясына тиесілі бұл зауыт ең озық технологиялар бойынша жұмыс істейді. Оның қуаты тәулігіне күнбағыс дәнінің мың тоннасын, рапс пен зығыр тұқымының 800 тоннасын өңдеуге қауқарлы. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаны қаржылай қолдауға Қазақстан Даму банкі 3 жылдық мерзімге 4,5 миллиард теңге бөлген. Бұл қаржы шикізат, майлы дақылдар тұқымын сатып алуға және қызмет түрлеріне жұмсалады.

Владимир Ли, «Қазақстан даму банкінің» аға банкирі:

- Жалпы алғанда бұл жоба банк қызметіне сәйкес келіп тұр. Мақсатымыз – қазақстандық май өндірісінің көлемін арттыру. Яғни, бұл болашағы зор сала деген сөз.

Заманауи май өңдеу зауыттарының әлеуметтік-экономикалық маңызы жоғары. Бұл салық түсімін көбейтіп, жаңадан жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек. Өз кезегінде егістік алқаптарының ұлғаюына да жол ашылады. Мұнда өндірілген сапалы өнімдердің 90%-тен астамы сыртқа шығарылады. «Qazaq-Astyq Group» ЖШС толық қуатына көшкенде 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.

Алтынбек Нұратұлы, «Qazaq-Astyq Group» ЖШС директорының орынбасары:

- Бұл зауыт заманауи технологиялар бойынша салынған. Мультипликативтік тиімділігі жоғары. Биыл шикізат өңдеп, өсімдік майын шығаруды бастамақпыз. 

Қуаныш Мұқажанов, «Kazakhexport» ЭСК» АҚ сақтандыру департаментінің директоры:

- «Kazakhexport» сақтандыру жағынан қолдау көрсетіп отыр. Яғни біз «Qazaq-Astyq Group» компаниясының Қазақстан Даму банкінен алған қарыздары бойынша несиелік тәуекелдерін өз мойнымызға алып отырмыз.

Құрылыстың екінші кезеңінде өсімдік майларын құтыларға құятын цехты іске қосу жоспарланып отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...