Жезқазғанда көпір құрылысы бірнеше айға кешігіп жатыр

Жезқазғанда былтыр қараша айында тапсырылуы тиіс көпірдің құрылысы әлі күнге аяқталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 614 миллион теңге қаражат бөлінген. Темір жол вокзалы мен шаһарды байланыстырып жатқан өткел тұрғындардың қатынауы үшін аса маңызды. Алайда мердігер компания көпірдің асфальт жабындысын төсеу, темір қоршауларын, жарық шамдарын орнату, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарын осы уақытқа дейін аяқтамаған.

«Оған қыстың ерте түсуі кедергі болды», - дейді. Енді биыл құрылыс материалдары қымбаттап кеткен. Бірақ ол шығынды компания өз есебінен өтеуі тиіс. Мердігерге құрылысты маусым айына дейін толық аяқтау міндеттеліп отыр.

Қайрат Бапанов, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:

- Біз кейбір жұмыстарды мердігерге қазір ертерек бастаңыз деп талап қойып отырмыз. Заңның талабына сай бұл кісілерге экономикалық сотқа арызданып отырмыз. Жұмысын тез бастау үшін. Егер 1 сәуірден бастап күн жылынса жұмыстарын бастайды. Осы жерде қазіргі таңда мердігердің 4 жұмыскері бар. Ауа райының жақсарғанын күтіп отыр.