Ауа райы болжамы: астрологтар не дейді?

Қара суық қайта келді. Елдің біраз бөлігінде күн күрт бұзылып, қар аралас жаңбыр жауа бастады. Желдің екпіні күшейді. Синоптиктер табиғат әлі де тарпаң мінез танытады деп отыр. Сондықтан алыс сапарға шықпауды ескертті. Ал астрологтар биыл біраз аймақ су астында қалады деп сендірді. Олардың мұндай болжам жасауына не себеп?

Дастан Сейілханұлы,  тілші:

- Арқаға аяз келгенін білесіз. Ақтүтек тіпті адым аштырмады. Бас көтертпейтін қар жауды. Тұтас қаланы басып қалды. Басқасын қайдам, коммуналдық қызмет өкілдері қиналды сол күні. Ақ ұлпамен алысып әлек болды. Әне әлі де күреп болмай жатыр.

Қаланы қардан аршып екі мыңға жуық жұмысшы жүр. Мың жарым техника тағы бар. Бір күннің өзінде 100 мың текше метрден астам қарды сыртқа тасып үлгерген. Енді ғана ес жидық па дегенде, тағы да төпелей бастады. 

Әйгерім Перепис, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

«Көктем келіп, көктей ме десек, ақ ұлпадан арылмадық» деп алабұртып арқа жұрты жүр.

«Наурызда бұлай қардың қарша боратқаны есте жоқ», - дейді үлкендер.

Бұл аяз әне шығысты да шымшыды емсе пе?! Бірақ онда сіресіп қатқан көк мұздың сөгіле бастағаны байқалады.   

Меруерт Есетова «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

- Жақын арадағы екі тәулікте ауа райы тұрақсыз сипаты сақталады, кей жерде жауын-шашын күтілуде, қар және жаңбыр кей жерде тұман, көктайғақ жаяу бұрқасын күтіледі. Ауа температурасы түнде 5-10, кей жерде 13 градус аяз, ал күндіз 3, 8 кей жерде 13 градус жылы күтіледі. 

Бұл жақтағылар қар суынан құтылудың қамына кірісті. Қазірдің өзінде 7 мың текше метр су сорған екен. Бұлар қатпасын де, әйтпесе аяқты аспаннан келтіреді. 

Батыс Қазақстанда сондай қауіп бар. Ондағы мамандар сұмдық көктайғақ болады деп сәуегейлік танытып отыр.     

Тілеген Шапанов, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалы директорының орынбасары:

- 27-28 наурызға арналған ауа-райы боламы жауын-шашынды болып келеді. Қар және жаңбыр жауады, көктайғақ күтіледі. Ауа температурасы түнде -3 градус шамасында, ал күндіз 2-7 градус жылылықты көрсетеді. Келесі апта басында түнгі ауа температурасы төмендейді, - 8 градус шамасында болады. 

Бұл жақтағылар бүрсең қағып жүрсе, Шымкенттің шырайы кіре бастады. Қызғалдақтар әлдеқашан гүлдеп қойған. Көше көркін кіргізіп тұр. Жұрттың да жеңіл киіне бастағанын байқадық. Бірақ мамандар мұндай кезде ауру-сырқау көбейеді. Барынша сақтанған дұрыс дейді.   

Динара Айтмырзаева, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

- Бірден төмендеп, бірден жоғарылап кетуі байқалып тұрған жоқ. Бірақ біртіндеп төмендеуі мүмкін. Көктемге тән ауа райын көрсетіп тұр.

«Сақ болу керек» деп астрологтар да айтып отыр. «Алдағы айда біраз өңірді су басады» деп қауіптенеді. Кейбір елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруге тура келеді дейді.

Бақытжан Ақанова, астролог:

Бетін аулақ. Бірақ сақтықта қорлық жоғын сіз де білесіз. Алаңсыз аққала жасап жатқан мына балалар көп ұзамай көкмайсада аунап-қунап жүрсе дейсің... 

Авторлар: Дастан Сейілханұлы, Наурыз Базаров

Сондай-ақ...