Қостанайға жақын ауыл тұрғындары моншада еріген қар суымен жуынады

Қостанайда облыс орталығының дәл жанындағы ауылдардың дені ауыз суға зәру. Осы ретте Октябрь округіне қарасты алты елді мекеннің бір де біріне орталықтандырылған су желісі тартылмаған. Ауыз су тек көлікпен тасымалданады. Сондықтан тұрғындар оны үнемдеп асқа ғана пайдалануға мәжбүр. Ал жуынып шайыну үшін даладағы қарды әкеліп ерітеді.

Облыс орталығынан 20 шақырым ғана жердегі Молоканов ауылына орталықтандырылған су желісі тартылмаған. Көліктер ауыз суды аптасына бір рет әкеледі. Тұрғындар үйдегі бар ыдысын шығарып күтіп алады.

Молоканов Октябрь округіне қарайтын алты ауылдың бірі. 500-ге таяу тұрғыны бар. Жастар күндіз жұмыста болғандықтан су таситын көлікті егде кісілер күтіп алады. Бір-біріне хабар беріп ыдыстарын қамдап, тіпті тиын-тебенін санауға да көмектеседі.

- На флягу хватит?

- Да, Хватит...

Бір бәк су бір аптаға өзіме еркін жетеді, дейді жалғызбасты зейнеткер Лидия Пенкина. Ал төрт баланың анасы Оксана Симонович тасымалданған судың әр тамшысын есеппен жұмсап, үнемдеумен әлек.

Оксана Симонович, Молоканов ауылының тұрғыны:

- Маған бір аптаға кем дегенде 200-300 литр су қажет. Бір фляг су 125 теңге. Үнемі сатып алу қалтаға да салмақ түсіреді. Кейде боранда көлік көшеге кіре алмайды. Ондайда ыдыстарды сүйретіп ауыл шетінен күтіп алуға тура келеді. Бұл өте жайсыз.

Сайын Шаяхметов, Молоканов ауылының тұрғыны:

- Жуынуға, моншаға қарды ерітеміз. Оның өзі қап-қара боп кетеді. Бірақ амал жоқ.

Әкімдіктегілердің айтуынша, Молокановқа су тарату қондырғысы биыл орнатылмақ. Көлікпен әкелінетін су бір жерге жиналады деген сөз. Орталық аптаның барлық күні жұмыс істейді. Жалпы облыс бойынша биыл 104 ауылға осындай қондырғы орнату жоспарланған. 

Дәурен Асқаров, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Егер бір жылда барлық ауылға жобалық-сметалық құжат жасап, орталықтандырылған желі тартамыз десек, бұл ақылға сыйымсыз нәрсе болар еді. Себебі оның бәрін қаржыландырып, жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан бұл жұмыс біртіндеп жүргізіледі. 

Былтыр облыста 13 ауылға орталық су желісі тартылды. Биыл олардың қатарына тағы бес елді мекен қосылады. Ал Молоканов ауылына орталық желі тарту жоспарда жоқ. 

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров