423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қыста қар құрсауында қалған 1722 адам құтқарылды – ТЖМ

  • 170
  • UPD: 10:48, 26.03.2021
Қыста қар құрсауында қалған 1722 адам құтқарылды – ТЖМ

Қыс мезгілінің басынан бері (2020 жылғы 1 қарашадан) елімізде 1135 дауылды ескерту жарияланды.

Автожолдар учаскелері 1481 рет жабылды (оның ішінде республикалық – 597, облыстық – 884), жүк және жолаушылар автокөліктері үшін қозғалыс 233 рет шектелді (республикалық маңызы бар – 98 рет, облыстық – 135).

Аталған кезеңде еліміздің құтқарушылары 1722 адамды, оның ішінде 230 баланы құтқарды. 1129 адам, оның ішінде 116 бала эвакуацияланды. 108 жылыту пункті жұмылдырылды. Қар құрсауынан 1300-ден астам техника шығарылды, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінен 10 557 адам және 5 245 бірлік техника жұмылдырылды.

Ең күрделі жағдай еліміздің солтүстік және орталық бөлігінде, Алматы облысының Үшарал – Достық автожолының учаскесінде болды. Жыл сайын қыста ауа райы нашар болған кезде осы учаскеде 100-ден астам жүк және жеңіл автомобиль қар құрсауында қалады.

Тек 2020 жылдың қараша айынан бастап 2021 жылдың ақпан айына дейінгі кезеңде жолдың аталған учаскесінде қар құрсауынан 490-ға жуық адам құтқарылып, эвакуацияланды және 200 бірлік техника шығарылды.

Ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен халықты құтқару бойынша авариялық-құтқару жұмыстары 12 сағаттан астам уақытқа созылатын кездер де кездеседі, ал кейбір жағдайларда бірнеше тәулікке жетеді.

Қар құрсауының себебі – оңтүстік-батыстан соққан қатты жел және жолдың осы учаскесінде қар ұстайтын қалқандардың болмауы.

ТЖ және оқиғалар қаупі туралы халықты ескерту мақсатында халықтың ұялы телефондарына ауа райының нашарлауы туралы 3 896 СМС-хабарлама, «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы 1 265 хабарлама жіберілді.

Алдын ала жасалған ескертулерге қарамастан, адамдар елді мекендерден тыс жерлерге шығып, қар құрсауында қалып қойып жатты.

Мәселен, 2021 жылғы 16 қаңтарда Алматы облысы Кербұлақ ауданында Сарыөзек – Көктал республикалық маңызы бар автожолында қар құрсауынан 80 адам, оның ішінде екі баласы бар жүкті әйел құтқарылды. Қатты желден осы жолдың 15 және 40 шақырымындағы учаскені қар басып, салдарынан жолаушылары бар автокөліктер қар құрсауында қалып қойды. Бұл туралы Алматы облысының ТЖД хабарлады. Бірінші кезекте құтқарушылар ай-күні толғалы жүрген жүкті айында әйелді қар құрсауынан эвакуациялады, ол екі баласымен Тасыөзек ауылынан Алматы қаласына бара жатқан болатын. Құтқарушылар әйел мен балаларды Сарыөзек кентінде тұратын туыстарына жеткізді. Жол қызметтерінің қызметкерлерін, әскери қызметшілерді және жергілікті атқарушы органдарды жұмылдыра отырып автожолдарды тазалау және тұрып қалған автомашиналарды сүйреп шығару жұмыстары жүргізілді. Кейіннен автокөліктер өз бағыты бойынша қозғалысты жалғастырды. Сағат 16:30-да жол қардан тазартылды.

2021 жылғы 25 ақпанда Қарағанды облысында дауылды ескерту жарияланды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық автожолдарда көлік қозғалысы жабылды. ТЖ департаментінің, 52859 әскери бөлімінің, Апаттар медицинасы орталығының бөлімшелері жолдарда 79 адамды, оның ішінде 7 баланы құтқарды. Құтқару жұмыстарының бірі Шет ауданында жүргізілді. Қызылқой ауылы ауданындағы Алматы – Екатеринбург автожолында қар құрсауында тоқтап қалған жедел медициналық жәрдем автомобилі мен жеңіл автокөліктен 9 адам құтқарылды. Құтқарылғандардың ішінде екі науқас – инфаркт алған ер адам және босанғалы жүрген жүкті әйел жол талғамайтын көлікпен Қарағанды қаласына жеткізілді.

Бұхар Жырау ауданында Қарағанды – Аягөз – Бұғаз автожолының 52 шақырымында, Ботақара кентінен 5 шақырым жерде ТЖД құтқарушылары қар құрсауында қалған автокөліктерден 37 адамды, оның ішінде 2 баланы құтқарды. Адамдар Қарағанды қаласына жеткізілді.

2021 жылғы 11 наурызда Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылары ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінің күштерімен бірлесіп Осакаров, Бұқар Жырау, Жаңаарқа, Абай аудандарының, сондай-ақ Қарағанды және Теміртау қалаларының қар басқан трассаларынан адамдарды эвакуациялау бойынша жұмыстар жүргізді. Осылайша, 87 адам құтқарылды және эвакуацияланды.

2021 жылғы 13-15 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан облысында қар қар құрсауынан 164 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды, 63 бірлік техниканы сүйреп шығаруға көмек көрсетілді. Адамдар Тарбағатай, Көкпекті, Күршім, Қатонқарағай аудандары мен Алтай қаласына апаратын тасжолдарда қар құрсауында қалған болатын.

Хабар 24 телеарнасы