Көліктерді жол жиегінде қалдырмаңыз: елорданың коммуналдық қызметкерлері жүргізушілерге үндеу тастады

Елорданың коммуналдық қызметкерлері жүргізушілерге көліктерін көше жиегіне және рұқсат етілмеген орындарға қалдырмауды өтінді, себебі көліктер қар күреу кезінде кедергі келтіреді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Соңғы күндері Нұр-Сұлтанда ауа райы күрт бұзылып, айлық нормадан бірнеше есе артық қар жауды. Коммуналдық қызметтер екі ауысымда үздіксіз жұмыс істеп жүр. Күн сайын елорданың көшелері, тротуарлары, жолдары, алаңдары секілді өзге де қоғамдық орындардың қарын күреуге екі мыңға жуық жол жұмысшы мен 1 500-ге жуық арнайы техника шығады.

Сонымен қатар қар күреу жұмыстарына жол жиегінде қалған немесе үйлердің аулаларында, кірме жолдарда ретсіз тұрақталған машиналар қиындық тудырады. Бұл арнайы техниканың өтуіне және учаскелерді тазалауға кедергі келтіреді.

«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Көліктеріңізді жол жиегіне, рұқсат етілмеген орындарға қалдырмауды сұраймыз. Өйткені көбінесе осы себеппен арнайы техника сол орындардың қарын күрей алмай жатады. Мұның бәрі қар күреу жұмысын қиындатып, баяулатады. Қаланы бірігіп таза және жайлы етейік!» – деді коммуналдық қызметкерлер.